Хиджаб кимегені үшін ұсталған 17 жастағы ирандық қыз қаза болды
Жарияланған күні:
Иранда 17 жастағы Армита Гераванд есімді бойжеткен қаза болды. Әлем жұртын дүрліктірген оқиғаға KAZ.NUR.KZ тілшісі шолу жасады.
Иранда хиджаб кимегені үшін ұстау сәтінде зардап шеккен ирандық бойжеткен бір айдан кейін қаза болды. Құқыққорғаушылардың тұжырымдауынша, әдет-ғұрып діни полициясы оған ауыр жарақат салған.
Не болды?
Бұл оқиға 1 қазанда, жексенбіде Тегерандағы метро станцияларының бірінде болған. Содан бері қыз жансақтау бөлімінде ес-түссіз күйде жатқан. Ал 5 қазанда комаға түскені анықталды.
Ұстау сәті метро станциясындағы видеобақылау камерасына түсіп қалған. Алайда видеода оны кім ұрағаны белгісіз. Бастапқыда Армита екі құрбысымен вагонға кірген. Кейін ес-түссіз жатқан қызды құрбыларын вагоннан шығарып жатқаны ғана көрсетілген.
Ал 28 қазанда Иран Ислам Республикасының Жастар министрлігіне қарасты Borna.news ақпарат агенттігі Армита Гераванд қайтыс болғанын хабарлады.
"28 күн бойы қарқынды терапия бөлімінде ем алған тегерандық студент Армита Гераванд бір сағат бұрын қайтыс болды", - делінген хабарламада.
Құқыққорғаушылар не дейді?
Hengaw тәуелсіз құқық қорғау ұйымының мәліметінше, билік өкілдері қызды хиджаб кимегені үшін тоқтатқан. Қыз басына орамал тағудан бас тартқанда, тәртіп сақшылары оған күш қолданған.
Иран билігі қыз полицейлердің қолынан зардап шекпегенін айтып, мәлімдеме жасаған. Мәлімдемеде Армита "қан қысымы кенет төмендеп кетіп, содан есін жоғалтқаны" айтылған.
Қыздың ата-анасы жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында қызына біреу-міреу жарақат келтіргенін көрмегенін және жалғыз шарасы құдайдан оның амандығын сұрау ғана екенін айтқан. Алайда құқыққорғау ұйымдары қыздың ата-анасы биліктен қысым көрген соң осындай мәлімдеме жасады деп қорытып, ел билігінен метро вагонының ішінде түсірілген видеоны жариялауды талап кеткен.
Сондай-ақ қоғам белсенділері билік қыздың ата-анасына оның суретін жариялауға, құқыққорғаушылармен қарым-қатынас жасауға да тыйым салғанын мәлімдеді.
"Иран Интернэшнл" басылымы Армита Геравандтың отбасына қысым жасала бастағанын, үйіне қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері көп келе бастағанын хабарлады. Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы видеоны талдап, жазба өңделді деген қорытындыға келді. Олардың анықтауынша, видеоның үш минуттан астам уақыты кесілген.
Ел тұрғындары Армитаның оқиғасын былтыр қайтыс болған 22 жастағы Махса Әминидің тағдырына ұқсатқан. Ол да қоғамдық орында хиджаб кимегені үшін полиция көлігінде жарақат алып, кейін БАҚ оның қазасын естірткен.
Әлем елдерінің реакциясы қандай болды?
Израиль СІМ өкілі бұл ақпаратқа қатысты Иран билігін қатаң айыптап, пікір білдірді.
"Балаларды өлтіріп жатқан ахундардың (молдалар – авт. ескертпесі) режимі. Ислам республикалары бар жерде қылмыс пен кісі өлтіру болады", - деп айыптаған СІМ өкілі.
Германия парламентінің мүшесі Норберт Ротген X (Twitter) әлеуметтік желісінде Армитаның өлімін "Иранның қылмыстық режимі" деп жазды:
"Армита Геравандты діни полиция хиджаб кимегені үшін аяусыз соққыға жыққан. Зорлық-зомбылықпен ғана күн көретін режимнің болашағы жоқ. Болашақ - Иранның енді қорықпайтын жастары", - деп жазды Ротген.
Әдет-ғұрып полициясы деген не?
Ирандағы әдет-ғұрып діни полициясы көшелерді күзетіп, исламдық дресс-кодты бұзушыларды, соның ішінде басы ашық әйелдерді торуылдай бастаған. Ал Махса Әминидің өлімінен кейін болған жаппай наразылықтардан кейін патрульдеу уақытша тоқтатылған.
Заң бойынша "тәрбиелік патруль" ескерту жасай алады немесе айыппұл сала алады, болмаса әңгіме өткізу үшін полиция бөліміне апарып, бірнеше күнге қамауға алады. Өткен айда Иран парламенті исламдық дресс-кодты бұзғаны үшін әйелдерге 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы заң жобасын қабылдаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2043176-xidzab-kimegeni-usin-ustalgan-17-zastagy-irandyq-qyz-qaza-boldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.