Израиль мен ХАМАС 50 адамды босатуға және Газада оқ атпауға келісті: жай-жапсары
Жарияланған күні:
Израиль билігі ХАМАС тобымен израильдік кепілге алынған 50 адамды Газада оқ атуды төрт күнге тоқтата тұру үшін босатуға келісті. Осы уақытта анклавқа гуманитарлық көмек пен жанар-жағармай жеткізіледі.
Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхудың кеңсесі атысты тоқтату бастапқыда белгіленген мерзімнен ұзағырақ болуы мүмкін екенін хабарлады: босатылған әрбір 10 адамға тағы бір күннен қосылып отырады. Израиль билігі бітім аяқталғаннан кейін соғыс жалғасатынын мәлімдеді.
"Израиль үкіметі, Израиль армиясы және қауіпсіздік күштері ұрлап әкетілген барлық адамды қайтару, ХАМАС-ты жою және Газадан мемлекетке бұдан былай ешқандай қауіп төнбеуі үшін соғысты жалғастырады", — деп хабарлады кеңседегілер.
Келісімнің негізгі тармақтары мынадай:
- алдағы тәулікте соғыс қимылдарында төрт күндік үзіліс жариялануы керек. Би-Би-си мәліметтері бойынша, Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыс қимылдарындағы үзіліс бейсенбіде жергілікті уақыт бойынша 10:00-де басталады (Гринвич бойынша 08:00, Мәскеу уақытымен 11:00), ал кепілге алынғандардың алғашқы легі түске таман босатыла бастайды.
- осы кезде ХАМАС кепілге алынған 50 адамды Газадан шығарады (олардың көпшілігі, ХАМАС мәліметтері бойынша, шетелдік азаматтар).
- Израиль өз түрмелерінде отырған 150 палестиналық әйел мен жасөспірімді босатады. Екінші кезеңде әскери қимылдардағы кідіріс кепілге алынған әрбір 10 адам үшін бір күнге ұзартылады.
- егер Газадан кепілге алынған "50-ге дейін" адам босатылса, Израиль тағы "150-ге дейін" палестиналық тұтқынды босатады.
- Израиль жалпы босатылуы мүмкін 300 палестиналықтың тізімін жариялады - олардың көпшілігі израильдіктерге шабуыл жасағаны үшін ұсталған.
Әйелдер мен балаларға басымдық беріледі
Израиль премьер-министрінің кеңесшісі Марк Регев бүгінгі басты міндеті — ХАМАС кепілге алған әйелдер мен балаларды қайтару екенін айтты.
Оның айтуынша, кеше түнде ХАМАС-пен жасалған келісімге сәйкес, босатылуы керек адамдар "санат бойынша" таңдалып, әйелдер мен балаларға басымдық берілген.
Би-би-сиге берген сұхбатында ол үкімет "барлық адамды босату үшін қолдан келгенді жасайтынын" мәлімдеді.
"Кепілге алынғандардың ішінде ер туыстары барларға жанашырлықпен қарасам да, біз бұл шешімдерді қабылдауға мәжбүр болдық", - деп қосты ол.
Катар делдал болған келісімде Израиль түрмелерінен әйелдер мен кәмелетке толмағандарды босату көзделген.
"Келісім Израиль түрмелерінде ұсталған бірқатар палестиналық әйел мен балаларды босату үшін қазіргі уақытта Газа секторында ұсталған 50 бейбіт әйел мен баланы босатуды көздейді; Келісімді жүзеге асырудың кейінгі кезеңдерінде босатылғандар саны артады", - делінген Катар СІМ мәлімдемесінде.
Израильдің жоғары лауазымды шенеунігіне сүйенген израильдік Haaretz газетінің хабарына сенсек, төрт күн ішінде ХАМАС 30 бала мен 20 әйелді босатады.
"Шенеуніктің айтуынша, Израильдің барлық қауіпсіздік бөлімшесі - ЦАХАЛ да, Шин-Бет пен Моссад та – жоспарланған келісімді қолдайды", – делінген басылымда.
Түнде ХАМАС содырлары да "гуманитарлық бітімді" құптап, 150 палестиналықтың орнына 50 әйел мен баланы тұтқыннан босататынын растайтын мәлімдеме жасады.
Бітімгершілік қашан басталады
ХАМАС саяси бюросы басшысының орынбасары Мусса Әбу Марзук Катардың Al Jazeera телеарнасына Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату режимі бейсенбіде жергілікті уақыт бойынша таңғы 10-дан (Гринвич бойынша 08:00, Мәскеу бойынша 11:00) күшіне енетінін айтты.
Дәл осы уақытта алғашқы кепілге алынған адамдарды босату қарсаңында әскери қимылдарда үзіліс басталады деп күтіледі. ХАМАС өкілдерінің айтуынша, Газаның оңтүстігіндегі Израиль жүргізген барлық әскери қимылы төрт күнге тоқтатылады, ал солтүстігінде атысты тоқтату күшіне енгенше таңғы 10-нан 16-ға дейін шектеледі.
"Бітімгершілік туралы келісімді жариялау арқылы біз қолымызда қару дайын болатынын және біздің жауынгерлеріміз халқымызды қорғауды және оккупацияны жеңуді жалғастыратынын растаймыз", – делінген топ мәлімдемесінде.
Америкалық биліктің лауазымды тұлғасы журналистерге Вашингтон келісім нәтижесінде босатылатын кепілге алынғандардың саны 50-ден асады деп күтетінін мәлімдеген. ХАМАС содырларының тұтқында жалпы алғанда 240-қа жуық израильдік кепілде отыр.
Haaretz мәліметтері бойынша, Израильдің алты ауруханасы ХАМАС тұтқынынан босатылғандарды қабылдауға дайын - оларға бөлек палаталар дайындалды.
Әлем елдері бітімгершілік келісімді қалай қабылдады
Әлемнің көптеген елінің көшбасшылары Израиль мен ХАМАС арасындағы келісім туралы хабарды оң пікірмен қабылдады. Катардың бітімгершілікке көмектескен премьер-министрі, шейх Мухаммед бин Абдулрахман бин Джасим әл Тани мәлімдемесінде "бұл үзіліс соғысты тоқтатуға жол ашады деп үміттенетінін" мәлімдеген.
Ұлыбританияның жаңадан тағайындалған сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон бұл келісім кепілге алынғандарды босату және Газа секторында гуманитарлық көмек көрсету жолындағы ең маңызды қадам екенін айтты, ал Франция президенті Эмманюэль Макрон кепілге алынғандардың бәрін босату жұмыстары тынымсыз жүргізіліп жатқанын айтты.
Бітімгершілікті Палестина автономиясының жетекшісі Махмуд Аббас, Еуропа Одағы және АҚШ, Иордания, Ресей, Қытай, Мысыр, Франция және Германия сияқты елдер де құптап отыр.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2047177-izrail-men-xamas-50-adamdy-bosatuga-zane-gazada-oq-atpauga-kelisti-zai-zapsary/