Жапонияда өртеніп кеткен ұшаққа қатысты жаңа деректер белгілі болды
Жарияланған күні:
Токио әуежайында екі ұшақтың соқтығысуы алдында жолаушылар лайнерінің экипажы қайталап берілген рұқсаттан кейін қонған. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі Kyodo басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Тергеуден хабары бар дереккөзіне сүйенген агенттік Japan Airlines-тің (JAL) жолаушылар ұшағы диспетчерлік қызметтен қону туралы рұқсатты қайталап берілгеннен кейін қонғанын жазған.
Сондай-ақ ұшу барысында және қону алдында ұшақта ешқандай да ақау байқалмағаны айтылады.
Агенттік мәліметіне сүйенсек, полиция Japan Airlines жапон компаниясына тиесілі ұшақты тексеруді бастапты.
Сонымен қатар Жапонияның көлік қауіпсіздігі кеңесінің (NTSB) авиациялық апаттар жөніндегі тергеушісі БАҚ өкілдеріне "Жағалау күзеті ұшағының борттық және дыбыс жазу құрылғылары табылғанын" хабарлаған.
Еске салайық, 2 қаңтарда Токионың Ханеда әуежайында Japan Airlines ұшағы өртеніп кетті. Ұшақ бортында болған 379 жолаушы мен экипаж мүшелерінің барлығы эвакуацияланды. NHK жергілікті басылымы билік өкілдеріне сүйене отырып, Саппородан ұшып келген ұшақтың жапон жағалауы күзетінің әуе кемесімен соқтығысқанын хабарлады. Кейін бұл оқиғадан 5 адам қаза тапқаны белгілі болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2053727-zaponiyada-ortenip-ketken-usaqqa-qatysty-zana-derekter-belgili-boldy/