Жапониядағы жер сілкінісінен зардап шеккендер қатарында қазақстандықтар бар ма
Жарияланған күні:
Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Жапониядағы жер сілкінісінен зардап шеккен қазақстандықтар туралы ақпарат жоқ екенін хабарлады, деп жазады "ҚазАқпарат".
Ақпарат агенттігі мәліметінше, Жапонияда консулдық есепте 318 Қазақстан азаматы тұр.
"Зардап шеккен қазақстандықтар туралы ақпарат келіп түспеді. (...) Барлығымен байланыс орнатылды", - деді Смадияров.
Еске салайық, 1 қаңтарда Жапонияда бірқатар ірі жер сілкінісінен кейін цунами қаупі жарияланған. Бірден магнитудасы 5,7 және 7,4 болатын екі жер сілкінісі болды.
Жапонияның премьер-министрі Фумио Кисида баспасөз мәслихатында Исикава префектурасындағы бірқатар күшті жер сілкінісінен 78 адам қайтыс болғаны растаған. Сондай-ақ 29 адам ауыр жарақаттанып, тағы 231 адам жеңіл жарақат алған.
Бір күн бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жапония премьер-министрі Фумио Кишидаға елдің батысындағы Ното түбегіндегі жер сілкінісі салдарынан көптеген адам қазасына байланысты көңіл айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2053974-zaponiyadagy-zer-silkinisinen-zardap-sekkender-qatarynda-qazaqstandyqtar-bar-ma/