Қытай Тайваньның жаңа президентін құттықтаған елдерге наразылық білдірді
Жарияланған күні:
Қытай Сыртқы істер министрлігі мен ҚХР-дың шетелдегі елшіліктері басқа елдердің басшыларын Лай Циндэге құттықтау жіберуден аулақ болуға шақырды, деп хабарлайды DW.
Тайвань президенті болып сайланған Лай Циндэны алғашқылардың қатарында болып АҚШ құттықтаған. Бұған жауап ретінде қытайлық СІМ "Тайваньның тәуелсіздікке ұмтылысындағы қате сигнал" деп атады.
"Қытай әрқашан Америка Құрама Штаттары мен Тайвань арасындағы ресми қарым-қатынастың кез келген түріне қарсы болды және АҚШ-тың Тайвань істеріне кез келген нысанда және контексте араласуын үзілді-кесілді қабылдамайды", - деді қытайлық СІМ өкілдері.
ҚХР билігі Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Дэвид Кэмеронның құттықтауына қатысты да осындай ұстанымын жеткізді. Сайлау жеңімпазына құттықтаулар Германия үкіметінен де келіп түскен.
"Еркін және бейбіт сайлау Тайваньдағы демократияның қаншалықты терең орнағанын және сайлаушылардың демократиялық құндылықтарға қаншалықты берілгенін тағы бір рет көрсетті. Біз осы сайлауға қатысқан барлық сайлаушыны, кандидаттарды және жеңімпаздарды құттықтаймыз", - делінген ГФР СІМ хабарламасында.
Алайда неміс СІМ Қытайдың Германия үкіметінің мәлімдемесіне реакциясы туралы пікір білдіруден бас тартты.
ҚХР-дың Жапониядағы елшілігі тіпті Лай Циндэны құттықтауға ресми дипломатиялық наразылық білдірді. Бұған дейін Жапония үкіметі Тайваньды "өте маңызды серіктес және маңызды дос" деп атаған.
Алайда жапон билігінің мәлімдемесінде қарым-қатынас "бейүкіметтік негізде" құрылатыны туралы айтылған, деп жазады басылым.
Тайваньдағы сайлау
Таяуда Тайвань оппозициясы сенбіде өткен президенттік сайлауда жеңілгенін мойындаған. Бюллетеньдердің 98 пайызы бойынша санақта президенттік додада Уиллиам Лай жеңіске жетті (Лай Циндэ). Ол 40,2 пайыз дауыс жинады.
64 жастағы Уиллиам Лай (Лай Циндэ) билеуші Демократиялық прогрессив партияның атынан шыққан. Құрлықтағы Қытай билігі оны сепаратист деп атайды. Ол аралдың Бейжіңнен экономикалық тәуелділігін азайтуды және АҚШ-қа жақындауды қолдайды.
Оның басты қарсыласы - Гоминдаң оппозициялық партиясының кандидаты Хоу Юи, ол керісінше, құрлықтағы Қытаймен жақындасуды жақтайды. Дауыстарды санау әлі де жалғасуда, бірақ Уиллиам Лай жақтастарының алдында жеңіске жеткенін мәлімдеп, сөз сөйлеген. Ресми қорытындылар бірнеше күннен кейін шығарылады.
Айта кетейік, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Тайваньдағы сайлау қорытындысына қатысты пікір білдірген.
"Тайваньда өткен сайлауға байланысты Қазақстан Республикасы "бір Қытай" қағидатын табанды түрде қолдайтынын қайта мәлімдейді және Қытай Халық Республикасының үкіметі бүкіл Қытайды білдіретін жалғыз заңды үкімет, ал Тайвань Қытай аумағының ажырамас бөлігі екенін растайды", - деп жазады СІМ баспасөз қызметі хабарламасында.
Сондай-ақ ведомство өкілдері Қытай Халық Республикасы үкіметінің елді бейбіт жолмен біріктіру жолындағы күш-жігерін қолдайтынын айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2055422-qytai-taivannyn-zana-prezidentin-quttyqtagan-elderge-narazylyq-bildirdi/