"Біз жеңіс жолындамыз". Нетаньяху ХАМАС-тың бітімге келу шарттарын қабылдамады
Жарияланған күні:
Читать на русскомИзраиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ХАМАС ұсынған Газа секторындағы атысты тоқтату шарттарын қабылдамай, Израиль содырларды бірнеше ай ішінде толық жеңуі мүмкін екенін айтты.
"Біз жеңіске жету жолындамыз. [...] Бұл жылдардың немесе онжылдықтың мәселесі емес, бұл бірнеше айдың мәселесі", - деді ол баспасөз мәслихатында.
Ол сондай-ақ соғыс аймағында үйін тастап кетуге мәжбүр болған жүздеген мың палестиналық паналаған Газаның оңтүстігіндегі Рафах қаласына шабуыл жасауға бұйрық берді.
Нетаньяху мәлімдемесі Израильдің ХАМАС-пен соғыс кезінде аймақты бесінші рет аралап жүрген АҚШ мемлекеттік хатшысы Антони Блинкеннің сапары күні және ХАМАС атысты тоқтату туралы ұсынысқа жауап ретінде бірқатар талап қойғаннан кейін жасалды. Бұл кейінгі күндері Таяу Шығыс делдалдарының қатысуымен талқыланған еді.
ХАМАС ұсынысы
ХАМАС-тың ұсынысы Израиль мен АҚШ қолдаған Катар мен Мысырдың атысты тоқтату шарттарына жауап болды.
Содырлар негізінен үш кезеңге бөлінген 135 күн мерзімге соғыс қимылдарын тоқтатуды талап етті.
45 күнге созылған бірінші кезеңде Израиль түрмелерінде ұсталған палестиналық әйелдер мен жасөспірімдер, сонымен қатар израильдік әйелдерді, 19 жасқа толмаған балаларды, қарттар мен науқастарды босату ұсынылды. Израиль әскерилері де осы кезеңде Газаның елді мекендерін тастап, ауруханалар мен босқындар лагерлерін қайта құру жұмыстары басталуы керек еді; Екінші кезеңде кепілге алынған еркектер палестиналық тұтқындарға ауыстырылып, Израиль әскерлері Газаны толығымен тастап кетуі керек еді; Қалған 45 күнде екі жақтан қаза тапқандардың сүйегін айырбастау жоспарланған болатын.
ХАМАС өкілдерінің пікірінше, бұл келісім Газаға азық-түлік пен басқа да гуманитарлық көмектердің жеткізілуін арттыру керек еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2059776-biz-zenis-zolyndamyz-netanyaxu-xamas-tyn-bitimge-kelu-sarttaryn-qabyldamady/