Швеция ресми түрде НАТО мүшесі болды
Жарияланған күні:
Швецияның НАТО-ға қосылуы туралы хаттама бүгін, 7 наурызда ресми түрде күшіне енді. Ел Солтүстік Атлантикалық альянстың мүшесі болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
АҚШ Мемлекеттік департаменті ресми сайтында бұл шешім күшіне енгені туралы хабарлады.
Ақпанның аяғында Венгрия парламенті Швецияның НАТО-ға кіру туралы өтінішін ратификациялаған - Венгрия одақтың Швецияны қосуды мақұлдамаған соңғы елі болып келген еді.
Еске салайық, 2022 жылдың мамырында Финляндия мен Швеция көпжылдық әскери бейтараптық саясатынан бас тартып, НАТО-ға кіруге өтініш білдірген еді.
Өз кезегінде Түркия президенті (НАТО-ға кіреді) Режеп Тайып Ердоған бұл идеяны қолдамайтынын мәлімдеді. Ол "Күрдістан жұмысшы партиясының" (КЖП) мүшелері "осы Скандинавия елдерінде жұмыс істейді" деген (бұл ұйымға Түркия аумағында тыйым салынған). Кейін Түркия Финляндия мен Швецияның НАТО-ға кіруіне қойылатын талаптарын айтқан.
2023 жылдың шілдесінде Режеп Тайып Ердоған егер Түркия Еуропалық Одаққа қабылданса, Анкара Швецияның НАТО-ға кіруін мақұлдайтынын мәлімдеді. Алайда түрік лидері Швецияның НАТО-ға кіру әрекеттерін жеткіліксіз деп атаған.
Ал сол жылдың қарашасында Түркия парламентінің сыртқы істер жөніндегі комиссиясы Швецияның НАТО-ға кіру туралы өтінішін талқылауды кейінге қалдырды. Жаңа отырыс белгісіз мерзімге ауыстырылған.
Кейінірек Түркия парламенті Швецияның НАТО-ға қосылуына дауыс берді. Швеция 2022 жылдың мамырында Солтүстік Атлантикалық альянсқа қосылуға өтініш берді. Биылғы қаңтарда Түркия Швецияның НАТО-ға кіруін ресми түрде мақұлдады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2065137-sveciya-resmi-turde-nato-musesi-boldy/