Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Крокус Сити Холлдағы" лаңкестік: күдіктілер екі айға қамауға алынды (фото, видео)

Жарияланған күні:

Читать на русском
Күдікті
Күдікті. Фото: t.me/moscowcourts

Мәскеу соты "Крокус Сити Холлдағы" терактіге күдіктілерді қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Күдіктілер лаңкестікке кінәлі екенін мойындаған, деп хабарлайды РБК сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Басылым мәліметінше, іс бойынша Тәжікстанның төрт азаматы күдікті деп танылған. Олар – Мирзоев Далержон, Саидакрами Муродали Рачабализода, Шамсидина Фаридуни және Файзов Мухаммадсобир.

Олар 22 мамырға дейін қамауға алынды.

Ұсталғандарға РФ Қылмыстық кодексінің 205-бабы (ред. - терроризм) бойынша айып тағылған. Бұл бап бойынша ең ауыр жаза өмір бойына бас бостандығынан айыру болып саналады.

Басылым RT телеарнасының бас редакторы Маргарита Симоньянға сілтеме жасап, терактіге күдіктілерден жауап алу жазбасы жарияланғанын жазады. Күдіктілердің бірі Telegram арқылы нұсқаулар алғанын, ол "уағызшының сабағын тыңдағанын" айтты. Ер адамға шабуыл жасағаны үшін шамамен 500 мың рубль уәде етілген және осы соманың жартысы аванс ретінде берілген.

Тағы бір 30 жастағы азамат ұсталғанға дейін қаруды жол бойына лақтырып жібергенін айтты. Симоньянның айтуынша, ұсталған азаматтан жауап алу кезінде оның тағы бір адаммен бірге Мәскеуде тасжол бойындағы хостелде тұрғаны белгілі болды.

Мәскеудің жалпы юрисдикциялық соттарының Telegram-арнасында күдіктілерге бұлтартпау шарасы жарияланған сот залынан фото-видеолар жарияланды.

Естеріңізге сала кетейік, 22 наурыз күні кешке Мәскеу түбіндегі Красногорск қаласында "Крокус Сити Холл" ғимаратында атыс болып, өрт шыққан болатын. Осы уақытта "Пикник" тобының концерті өтуі керек еді. Тергеу комитеті терактіге қатысты қылмыстық іс қозғады.

Бұған дейін 133 адамның қаза тапқаны, кейін теракт құрбандарының саны 137 адамға жеткені, жүзден астам адамның жараланғаны хабарланған.

Кейінірек РФ ФҚҚ лаңкестік әрекетті ұйымдастырды деген 11 күдіктінің ұсталғанын хабарлады.

24 наурыз Ресейде ұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Сондай-ақ "Тверь аруы-2001" сұлулық байқауының жеңімпазы Екатерина Новоселова мен "Пикник" тобы директорының көмекшісі Екатерина Кушнер шабуыл салдарынан қаза тапқаны хабарланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2072892-krokus-siti-xolldagy-lankestik-kudiktilerge-bultartpau-sarasy-tandaldy-foto-video/