АҚШ-та ұзындығы 2,5 км болатын көпір құлады: қазіргі уақытта не белгілі (видео)
Жарияланған күні:
Читать на русскомАҚШ-тың Балтимор қаласында контейнер таситын кеме көпірге соқтығысып, Фрэнсис Скотт Кей көпірі опырылып құлады. Төтенше жағдай кезінде көпірде көліктер мен жаяу жүргіншілер болған. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ шетелдік басылымдарға сілтеме жасап хабарлайды.
CBS News мәліметінше, Мэриленд штатының губернаторы Уэс Мур өңірде төтенше жағдай жариялады.
"Біз зардап шеккендерді құтқару үшін жұмыс істеп жатқан ержүрек ерлер мен әйелдерге алғысымызды білдіреміз және барлығының қауіпсіздігін тілейміз", - деді штат басшысы.
Мэриленд штатының көлік министрі Пол Видефельд құлаған кезде жұмысшылар көпірде бетон жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты.
Басылым тілшілерінің жазуынша, апат кезінде көпірде кемінде төрт көлік пен жеті құрылысшы болған.
Агенттік мәліметінше, әзірге екі адам құтқарылды, біреуі ауыр халде. Сондай-ақ құтқарылғандардың бірі жұмысшы болуы мүмкін екені хабарланды.
Одан бөлек, соқтығысқанға дейін кеменің электр жарығы өшіп қалғаны белгілі болды. Бұл ақпаратты CBS News арнасына құқық қорғау органының қызметкері растады.
The New York Times тілшілерінің хабарлауынша, Федералдық авиация әкімшілігі құтқарушылар адамдарды әуеден іздеуді жалғастыра алуы үшін құлаған көпір аймағында ұшуға тыйым салған.
Бірнеше тікұшақ көпір мен оның төңірегінде бірнеше сағат бойы ұшып жүр. Сондай-ақ агенттік тұрғындарға аймақта дрон ұшырмауды ескертті.
Әзірге зардап шеккендер мен қаза тапқандар туралы нақты ақпарат жоқ.
ТАСС агенттігі кеме Сингапур туын көтеріп, Балтимор арқылы Шри-Ланкадағы Коломбоға бет алғанын хабарлады. Кеме Grace Ocean Private компаниясына тиесілі және оны Synergy Marine Group басқарады. Maersk компаниясы кемені жалдағаны, онда даниялық компанияның тауарлары бар екені белгілі болды.
Басылымдар оқиға орнынан түсірілген кадрларды жариялады.
Айта кетейік, 26 наурызда таңертең Балтимордағы (Мэриленд штаты, АҚШ) төрт жолақты Фрэнсис Скотт Кей көпіріне үлкен контейнерлік кеме соғылып, ұзындығы 2,5 км болатын көпір опырылып құлағанын жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2073654-aqs-ta-kopir-qulady-qazirgi-uaqytta-ne-belgili-video/