Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әуежайда түнеген: бұрын-соңды болмаған нөсер жауын Дубайға қалай әсер етті (фото)

Опубликовано:

Дубайдағы табиғи сипаттағы апат
Дубайдағы табиғи сипаттағы апат. Фото: Christopher Pike / Bloomberg via Getty Images

Толассыз жауған жаңбыр мен су тасқыны Дубайдағы тұрмыс-тіршілікке әсер етіп, қаладағы қозғалыс уақытша тоқтады – әуежайлар рейстерді тоқтатып, жүздеген жолаушы сол жақта түнеуге мәжбүр болды. Көршілес орналасқан Оман еліндегі су тасқыны салдарынан адамдар қаза тапқан.

Осы аптада Арабия түбегінде бұрын-соңды болмаған нөсер жауды. NBC News ақпараты бойынша, Дубайдағы (БАӘ) әуежай жолаушыларға аса қажеттілік болмаған жағдайда қалаға келмеуге кеңес берді. Ал елдің ең ірі әуе компаниясы Emirates қаладағы барлық жолаушыны тіркеу жұмыстарын уақытша тоқтатқан.

БАӘ тұрғыны
БАӘ тұрғыны. Фото: Stringer / Anadolu via Getty Images

Абу-Дабидегі Ұлттық метеорологиялық орталық Біріккен Араб Әмірліктеріндегі жауын-шашын 1949 жылдан бері барлық деңгейден асып кеткенін хабарлады. Ең шөлейт аймақтарда да жаңбыр жауған.

Билік Дубай тұрғындарынан мүмкіндігінше үйде қалуды сұрайды. Мектеп оқушылары қашықтан оқуға көшкен.

Ал жаңбыр салдарынан су тасқыны болған көршілес орналасқан Омандағы BBC дерегінше, кем дегенде 18 адам қаза тапқан, оның ішінде 10-ы 10-15 жас аралығындағы мектеп оқушылары.

Су тасқынына байланысты Дубай әуежайы рейстерді уақытша тоқтатты. Туристердің бірі CNN-ге берген сұхбатында өзге елдерден келген жүздеген жолаушы әуежайда түнеп шыққанын айтты.

Әуежайдағы жолаушылар
Әуежайдағы жолаушылар. Фото: AFP via Getty Images

Метеорологтардың мәліметіне сүйенсек, Дубайда сейсенбіде 12 сағат ішінде 100 мм-ге жуық жауын жауған, бұл қаланың жыл бойы жауатын мөлшеріне тең. Нөсер қатты әрі жылдам жауғаны сонша, кейбір жүргізушілер көліктерін жолға тастап кетуге мәжбүр болған.

Дубайдағы көлік жүргізушісі
Дубайдағы көлік жүргізушісі. Фото: Christopher Pike / Bloomberg via Getty Images

Бұған дейін желіде Дубайдағы су басқан әуежай мен метро станциясының видеолары пайда болған еді. Айта кетейік, танымал қалада бірнеше күннен бері ауа райы қолайсыз болған.

Кеше Air Astana әуе компаниясының Дубай әуежайынан Алматы мен Астанаға ұшуы бүгінге шегерілді. Жолаушылар терминалға орналастырылып, тамақпен, сусындармен және көрпемен қамтамасыз етілді.

Британдық энциклопедияның сайтындағы мәліметке сәйкес, Оман – Араб түбегінің оңтүстік-шығыс жағалауында орналасқан мемлекет. Оңтүстік-батысында Йеменмен, оңтүстігінде және шығысында Араб теңізімен, солтүстігінде Оман шығанағымен, солтүстік-батысында Біріккен Араб Әмірліктерімен, батыста Сауд Арабиясымен шектеседі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2086571-auezaida-tunegen-buryn-sondy-bolmagan-noser-zauyn-dubaiga-qalai-aser-etti-foto/

pixel