Иран президенті отырған тікұшақ қатты қонған: іздеу жұмыстары жүріп жатыр (видео)
Жарияланған күні:
Иран президенті Эбрахим Раиси отырған тікұшақ елдің солтүстік-батысында қатты қонғаны хабарланып, бірнеше сағат өтсе де табылмай жатыр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ жергілікті баспасөзге сілтеме жасап хабарлайды.
Иран телеарналарының хабарына қарағанда, құтқару командалары қазіргі уақытта оқиға болған аумақта іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Ирандық БАҚ мәліметінше, тікұшақта Иран СІМ басшысы Хоссейн Амир Абдоллахиян болған. Қызыл Жарты Ай құтқарушылары да, қарулы күштер мен құқық қорғау органдарының өкілдері де іздеу операциясына кіріскен.
Tasnim агенттігінің мәліметінше, іздеу жұмыстарына тұман кедергі болып жатыр. Күрделі метеожағдайға қарамастан, құтқарушылар төтенше жағдай кезінде адам шығыны болмаған деген болжам жасаған.
БАҚ хабарына қарағанда, төтенше жағдай болған Шығыс Әзербайжан провинциясы Тегераннан солтүстік-батысқа қарай 600 шақырым жерде, бұл жер Армениямен және Әзербайжанмен шекараға жақын.
Бүгін, 19 мамырда таңғы уақытта Раиси Әзербайжан президенті Илхам Алиевпен кездескен. Олар трансшекаралық Аракс өзенінде Гыз-Каласы бөгетін ашқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2103302-iran-prezidenti-otyrgan-tikushaq-tabylmai-zhatyr/