Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бірнеше сағаттан бері Иран президенті отырған тікұшақ іздестіріліп жатыр: қазіргі уақытта не белгілі

Жарияланған күні:

Читать на русском
Иран президентін іздеуге шыққан құтқару қызметінің көліктері
Ирандағы тікұшақ апатқа ұшыраған аймақтағы құтқару қызметтерінің көліктері: Azin Haghighi / Moj News Agency/Anadolu via Getty Images

Иранда апатқа ұшыраған тікұшақты іздеу операциясы жүріп жатыр. Бортта Иран президенті Ибрахим Раиси мен Сыртқы істер министрлігінің басшысы болған.

IRNA агенттігі Иранның вице-президенті Мохсен Мансуридің сөзіне сілтеме жасап, тікұшақ апатты жағдайда қонғаннан кейін Иран президенті Ибрахим Раисидің жанындағы екі адам бірнеше рет байланысқа шыққанын хабарлады.

"Тікұшақ жолаушыларының бірі мен оның экипажы байланысқа шықты, бұл апат деңгейінің аса ауыр емес екенін көрсетеді. Төтенше жағдай болған жерге Қызыл Жарты ай мен армияның, Ислам революциясы сақшылар корпусының құтқару топтары дереу жіберілді", - деді Мансури.

Алайда Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының қолбасшысы Хосейн Салами ирандық телеарнаға Раиси ұшқан тікұшақтың жолаушылары ұшақ қатты қонғаннан кейін байланысқа шыққаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін айтқан, деп жазады РБК.

Айта кетейік, бұған дейін БАҚ вице-президенттен басқа Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Мехди Сафаридің де құлаған тікұшақ жолаушылары байланысқа шыққанын мәлімдегенін жазған. Оның айтуынша, төтенше жағдайдан кейін Тебриз қаласындағы мешіттің имамы Сайед Мохаммад-Али әл-Хашем онымен екі рет хабарласып, жағдайы нашар екенін, жедел жәрдем көлігінің дыбысын естіп тұрғанын айтқан.

Бортта Раиси мен әл-Хашемнен бөлек бірнеше адам, оның ішінде Сыртқы істер министрі Хоссейн Амир Абдоллахиян болған.

Еске салсақ, президент Раиси екі мемлекеттің шекарасында Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиевпен кездесуден қайтып келе жатқан. Раиси кортежінде барлығы үш тікұшақ болған, қалған екеуі аман-есен қонды.

Раиси тікұшағын іздеу жол жоқ болғандықтан және ауа райының қолайсыздығына байланысты бірнеше сағатқа созылды: төтенше жағдай болған аймақты қалың тұман басқан.

Іздестіру-құтқару операциясына Қызыл Жарты ай ұйымы мен әскерилер тартылған.

РИА Новости агенттігінің хабарлауынша, Иранның ондаған тұрғыны Тегеранның орталық алаңдарының біріне жиналып, Раисидің денсаулығы мен амандығы үшін дұға еткен.

"Иран азаматтары Тегерандағы Вали Аср алаңына жиналып, тікұшақ Иранның солтүстік-батысына апатты түрде қонғаннан кейін президент Раиси мен оның серіктерінің денсаулығы үшін дұға етті", - деп хабарлады ирандық БАҚ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2103380-birneshe-sagattan-beri-iran-prezidenti-otyrgan-tikushaq-izdestirilip-zhatyr-qazirgi-uaqytta-ne-belgili/