Иран президенті тікұшақ апатынан қаза тапты
Жарияланған күні:
Иран президенті Ибрахим Раиси ұшақ апатынан қаза болды. Ұшақта президенттің жанында болған Сыртқы істер министрлігінің басшысымен қоса алғанда ешбір адам аман қалмады. Бұл туралы Mehr сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Агенттіктің мәліметінше, жексенбіде Иран президенті Ибрахим Раиси мен Сыртқы істер министрі Хосейн Амир-Абдоллахиан мінген тікұшақ Шығыс Әзербайжанда (Иран провинциясы) орманға құлаған.
Еске салсақ, кеше, 19 мамырда Иран президенті Ибрахим Раиси отырған тікұшақ елдің солтүстік-батысында апатты жағдайда қонғаны хабарланып, бірнеше сағат өтсе де табылмай жатқанын жазған едік.
IRNA агенттігі Иранның вице-президенті Мохсен Мансуридің сөзіне сілтеме жасап, тікұшақ апатты жағдайда қонғаннан кейін Иран президенті Ибрахим Раисидің жанындағы екі адам бірнеше рет байланысқа шыққанын хабарлаған.
Алайда Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының қолбасшысы Хосейн Салами ирандық телеарнаға Раиси ұшқан тікұшақтың жолаушылары ұшақ қатты қонғаннан кейін байланысқа шыққаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін айтқан.
Бүгін, 20 мамырда апатта жағдайда қонған тікұшақтың бөлшектері табылғаны мәлім болды. Алайда, Қызыл жарты ай ұйымының мәліметінше, бір де бір адам тірі қалмаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2103440-iran-prezidenti-tikushaq-apatynan-qaza-tapty/