Ибрахим Раисидің қазасы: енді Иран президентінің міндетін кім атқарады
Жарияланған күні:
Читать на русскомИран президентінің өкілеттігі Раисидің бірінші орынбасары, вице-президент Мохаммад Мохберге берілді. Бұл туралы РБК сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Басылым ақпаратынша, бұл Иран Конституциясының 131-бабында жазылған.
"Президент қайтыс болған, қызметінен босатылған, отставкаға кеткен, екі айдан астам уақыт бойы болмаған немесе ауырған жағдайда, президенттік өкілеттік мерзімі аяқталған және кедергілерге немесе басқа да осыған ұқсас себептерге байланысты жаңа президент әлі сайланбаған жағдайда бірінші вице-президент оның өкілеттіктері мен міндеттерін басшылықтың мақұлдауымен қабылдайды", - делінген Иран Конституциясының мәтінінде.
Басылым ақпаратынша, Мохбер вице-президент қызметін 2021 жылдан бері атқарып келеді. Сол кезде Раиси мемлекет басшысы болып сайланған болатын.
Енді құрамына сот билігінің төрағасы, бірінші вице-президент пен мәжіліс спикері кіретін кеңес 50 күн ішінде президент сайлауын ұйымдастыруы керек.
Еске салсақ, кеше, 19 мамырда Иран президенті Ибрахим Раиси отырған тікұшақ елдің солтүстік-батысында апатты жағдайда қонғаны хабарланып, бірнеше сағат өтсе де табылмай жатқанын жазған едік.
IRNA агенттігі Иранның вице-президенті Мохсен Мансуридің сөзіне сілтеме жасап, тікұшақ апатты жағдайда қонғаннан кейін Иран президенті Ибрахим Раисидің жанындағы екі адам бірнеше рет байланысқа шыққанын хабарлаған.
Алайда Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының қолбасшысы Хосейн Салами ирандық телеарнаға Раиси ұшқан тікұшақтың жолаушылары ұшақ қатты қонғаннан кейін байланысқа шыққаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін айтқан.
Бүгін, 20 мамырда апатта жағдайда қонған тікұшақтың бөлшектері табылғаны мәлім болды. Кейін Иран президентінің тікұшақ апатынан қаза тапқаны хабарланды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2103518-ibrahim-raisi-qaitys-bolgannan-keiin-iran-prezidentining-mindetin-kim-atqarady/