Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Иран халқына жақсы болған шығар": АҚШ мемлекеттік хатшысы Иран президентінің қазасына байланысты пікір білдірді

Жарияланған күні:

Энтони Блинкен
Энтони Блинкен. Фото: John MacDougall / AFP via Getty Images

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Иран басшысы болған Ибрахим Раисидің қазасынан кейін Иран халқының жағдайы жақсарып қалған шығар деген пікір айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ РИА Новостиге сілтеме жасап хабарлайды.

"Оның судья және президент ретінде қатысқан жан түршігерлік әрекеттерін ескере отырып, және... бұдан артық қандай не істеуге болады деген ой келеді. Иран халқына жақсы болып қалған шығар", - деп жауап берді сенатор Тед Круздың сұрағына АҚШ мемлекеттік хатшысы.

Басылым тілшілерінің жазуынша, Блинкен АҚШ Раисидің өліміне аза тұтпайтынын және БҰҰ-да оны еске алу үшін бір минуттық үнсіздік жарияламайтынын айтты.

Дегенмен бір күн бұрын АҚШ Мемлекеттік департаментінің Иран президентінің қайтыс болуына байланысты көңіл айту хабарын жариялаған еді.

Еске салсақ, 19 мамырда Иран президенті Ибрахим Раиси отырған тікұшақ елдің солтүстік-батысында апатты жағдайда қонғаны хабарланып, бірнеше сағат өтсе де табылмай жатқанын жазған едік.

IRNA агенттігі Иранның вице-президенті Мохсен Мансуридің сөзіне сілтеме жасап, тікұшақ апатты жағдайда қонғаннан кейін Иран президенті Ибрахим Раисидің жанындағы екі адам бірнеше рет байланысқа шыққанын хабарлаған.

Алайда Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының қолбасшысы Хосейн Салами ирандық телеарнаға Раиси ұшқан тікұшақтың жолаушылары ұшақ қатты қонғаннан кейін байланысқа шыққаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін айтқан.

20 мамырда апатта жағдайда қонған тікұшақтың бөлшектері табылғаны мәлім болды. Кейін Иран президентінің тікұшақ апатынан қаза тапқаны хабарланды.

Ибрахим Раисидің қазасына байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан осы елдің Жоғары лидері Әли Хаменеи мен бірінші вице-президенті Мохаммад Мохберге және барша иран халқына көңіл айтты.

Сонымен қатар Иран президентінің өкілеттігі Раисидің бірінші орынбасары, вице-президент Мохаммад Мохберге берілген болатын.

Кейін қайғылы жағдайға байланысты елде бес күндіз аза тұту күні жарияланды.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы Иран елшілігіне барып, Ибрахим Раиси мен үкімет делегациясы мүшелерінің тікұшақ апаты салдарынан қаза табуына байланысты иран халқына көңіл айтты және қолдау білдірді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2105547-iran-halqyna-zhaqsy-bolgan-shygar-aqsh-memlekettik-hatshysy-iran-prezidentining-qazasyna-bailanysty-pikir-bildirdi/