Microsoft жұмысындағы ақау: әлем бойынша банктер, әуежайлар, БАҚ пен басқа да компаниялардың жұмысы тоқтады
Жарияланған күні:
Читать на русскомЖеліде Microsoft қызметтеріндегі ақаулар туралы хабарламалар тарады. Бұл дүниежүзіндегі бірқатар банк, авиакомпания мен әуежай, сондай-ақ телеарналар мен басқа компаниялардың жұмысына әсер етті.
CNN мәліметінше, Microsoft жұмысындағы ақау Frontier Airlines, Allegiant және SunCountry сияқты американдық әуе компанияларының жұмысын уақытша тоқтатты.
Айта кетейік, бүгін таңертең АҚШ федералдық авиация басқармасының мәліметі бойынша, елдегі бірнеше ірі әуе компаниясының, соның ішінде Delta, United және American Airlines компанияларының барлық рейсі байланыс ақауларына байланысты уақытша тоқтатылды.
Берлин әуежайының өкілдері X әлеуметтік желісіндегі ресми аккаунтында техникалық себептерге байланысты тіркеу кезінде үзілістер болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ Aena әуежайының басқарушы компаниясы X әлеуметтік желісінде хабарлағандай, "компьютерлік жүйедегі ақауларға" байланысты Испаниядағы әуежайлар рейстердің кешігуіне әкелуі мүмкін.
Прага әуежайының мәліметінше, Прага әуежайында жаһандық тіркеу жүйесінде ақау болған. Соның салдарынан кейбір әуе рейстері кейінге шегеріледі.
Лондонның Гатвик әуежайы X желісінде Microsoft корпорациясының ғаламдық мәселелеріне байланысты жолаушылар тіркелу және қауіпсіздіктен өту кезінде біраз кідірістерге ұшырауы мүмкін екенін хабарлады.
Риа Новости мәліметінше, Аляскада байланыс ақауына байланысты жергілікті тұрғындар 911 және басқа нөмірлерге қоңырау шала алмай қалған.
Жапонияда McDonald's фастфуд желісінің тұтынушылары тапсырыс бере алмай, картамен төлей алмай қалған. Мекемелердің үштен біріне жуығы жұмысын уақытша тоқтатып, тек бірнешеуі ғана қолма-қол ақша қабылдаған..
Австралиялық ABC телеарнасының хабарлауынша, Австралияда үзіліс көптеген компания мен мемлекеттік мекемелерге, байланыс операторларына, БАҚ сайттарына, банктерге, төлем жүйелеріне және әуе компанияларына әсер етті. Сонымен қатар ABC-тің өзі, басқа да бірнеше бұқаралық ақпарат құралдары сияқты техникалық ақауға тап болған.
Сонымен қатар Microsoft өкілдері өз веб-сайтында Azure бұлттық бағдарламалық құралының күйі туралы хабарлай отырып, 2024 жылғы 18 шілдеде (Астана уақытымен 02:56) шамамен сағат 21:56-дан бастап (Астана уақытымен 02:56) кейбір тұтынушыларда Azure қызметтерінде ақаулар болғанын хабарлады. Бұған қызметті басқару әрекеттеріндегі және қызмет қосылымындағы сәтсіздіктер кіреді.
"Біз бұл мәселеден хабардармыз және бірнеше топты жұмылдырдық. Түпкі себебін анықтадық. (...) Қызметтердің көпшілігі қазір қалпына келтірілді. Қызметтердің шағын бөлігі әлі жөнделіп жатыр. Тұтынушылар Azure Service Health порталы арқылы байланысын жалғастыра алады", - деді компания өкілдері.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2136837-microsoft-zhumysyndagy-aqau-bukil-alemdegi-bankter-auezhailar-baq-pen-basqa-kompaniialardyng-zhumysyn-toqtatty/