Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Новости русской службы Би-би-си

Николас Мадуро Венесуэлада өткен президенттік сайлауда жеңімпаз деп жарияланды

Жарияланған күні:

Читать на русском
Николас Мадуро
Николас Мадуро. Фото: Pedro Rances Mattey/AFP via Getty Images

Венесуэланың сайлау комиссиясы жексенбіде өткен президент сайлауында қазіргі президент Николас Мадуро жеңіске жеткенін хабарлады. Оппозиция Эдмундо Гонсалес жеңіске жетуі керек еді деп есептейді, сауалнама нәтижелері де соны көрсеткен.

Мадуро мен оның Венесуэла Біріккен ссоциалистік партиясы бақылайтын Ұлттық сайлау кеңесі бюллетеньдердің 80 пайызын өңдегеннен кейін қазіргі президент 51,2 пайыз, ал Біріккен оппозиция кандидаты Эдмундо Гонсалес 44 пайыз дауыс жинағанын мәлімдеді.

Сайлау алдындағы сауалнамалар мен сайлау учаскелеріндегі экзит-полл нәтижелері Гонсалестің 11 жыл басқарған және Венесуэла экономикасы толық құлдыратқан Мадуродан басым тұрғанын көрсеткен.

Мадуро нәтижелер жарияланғаннан кейін оның жеңісі бейбітшілік пен тұрақтылықтың салтанат құрғанын көрсететінін айтты.

Оппозиция өкілдері 2018 жылғы соңғы сайлаудағыдай нәтижелердің бұрмаланғанына сенімді.

Оппозиция олардың дауыстарды санау нәтижелері мен экзит-полл нәтижелері Гонсалестің қазіргі президенттен басым тұрғанын көрсеткенін айтты. Сайлау қарсаңында жүргізілген сауалнамалар Гонсалестің қазіргі президентті оңай жеңетінін көрсеткен.

"Нәтижелерді жасыру мүмкін емес. Ел бейбіт жолмен өзгерісті таңдады", - деп жазды Эдмундо Гонсалес X желісінде дауыс беру аяқталып, ресми нәтижелер жарияланғанға дейін.

Билік сайлауға қатысуға тыйым салған оппозиция жетекшісі Мария Корина Мачадо X әлеуметтік желісінде армияға үндеу жариялады.

"Бұ сөзім әскерилерге арналады. Венесуэла халқы айтарын айтты: олар Мадуроны қаламайды. Тарихтың оң жағына өететін кез келді. Сіздерде соны дәл қазір істейтін мүмкіндік бар", - деп жазды Мария Корина Мачадо.

Армия, алайда, Reuters-тің мәліметінше, әрдайым Мадуроны қолдап келген және осы сайлауға дейін жоғары лауазымды әскери шенеуніктердің президенттен қырын қарауды жоспарлайтындай белгілер болмаған.

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен жарияланған нәтижелер Венесуэла халқының ерік-жігері мен дауысын көрсетпейтініне АҚШ қатты алаңдап отырғанын айтты.

Чили президенті Габриэль Борич те сайлау нәтижелеріне сену қиын екенін айтып, ашықтықты талап етті.

Перу сыртқы істер министрі Хавьер Гонсалес-Олаэчеа оның үкіметі де сайлау нәтижелерін мойындамайтынын айтты.

Коста-Рика үкіметі нәтижелерді мүлде қабылдамайтынын айтты, Уругвай президенті Луис Лакалье Поу да дауыстарды санау нәтижесіне күмән келтірді.

Ал Мадуроның одақтастары оны жеңісімен құттықтап жатыр.

Куба президенті Мигель Диас-Канель Венесуэла халқының ар-намысы мен батылдығы қысым мен айла-шарғылардас басым түскенін атап өтті.

Боливия президенті Луис Арсе де 2013 жылы қайтыс болғанға дейін Мадуроны мұрагер етіп тағайындаған бұрынғы Венесуэла басшысы Уго Чавестің туғанына 70 жыл толуында өткен сайлаудағы жеңісін атап өтті.

"Команданте Уго Чавесті еске алудың тамаша тәсілі", - деп жазды Арсе әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ұлттық сайлау кеңесіндегі оппозиция өкілі Дельса Солорсано дауыс беру аяқталғаннан кейін журналистерге оппозиция сайлау нәтижелерін қорғауға дайын екенін айтты, ол Гонсалес жеңді дегенді меңзеген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2141545-nikolas-maduro-venesuelada-otken-prezidenttik-sailau-zhengimpazy-dep-zhariialandy-oppozitsiia-natizheler-burmalandy-dep-malimdedi/