Молдовада президент тікелей эфирде отырғанда жер сілкінді (видео)
Жарияланған күні:
Читать на русскомМолдова президенті Майя Санду Moldova1 телеарнасында тікелей эфирде отырған кезде жер сілкінді. Бұл туралы Sputnik Молдова агенттігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Жер сілкінісі президент бағдарлама жүргізушісімен сөйлесіп жатқан кезде болып, видеоға түсіп қалған.
"Бізде бірнәрсе болып жатыр, бізде премьера, тікелей эфирде – жер сілкінісі. Бұл жақсы белгі деп үміттенемін", - деп әзілдеген тележүргізуші және бағдарламаға қатысқаны үшін президентке алғыс айтты.
Желі қолданушылары президент оқыс жағдай кезінде байыпты және сабырлы болғанына мән берген.
"Ханымның астындағы орындық теңселді", "Табиғи апаттың үш түрі: су тасқыны, жер сілкінісі, референдум", "Сандудың билікте болғанына төрт жыл болды, иммунитет қалыптасқан", - деп жазды желі қолданушылары.
Басылым келтірген дерекке сүйенсек, жер сілкінісінің эпицентрі Румынияда болған, оның магнитудасы 5,5-ке жеткен.
Айта кетейік, Молдова Республикасы президентінің ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Майя Санду 1972 жылы 24 мамырда Фалести ауданы, Рисипень ауылында дүниеге келген.
Рисипень ауылындағы мектепте оқып, 1994 жылы Молдова Экономикалық академиясының басқару факультетін бітірген.
1995-1998 жылдары Кишинев қаласының Мемлекеттік басқару академиясында оқып, халықаралық қатынастар магистрі дәрежесін алды.
1994 жылғы шілдеден 1998 жылдың наурызына дейін Экономика министрлігінде кеңесші және бөлім бастығының орынбасары қызметтерін атқарды.
1998 жылғы наурыздан 2005 жылдың тамызына дейін Кишинев қаласындағы Дүниежүзілік банк кеңсесінде экономист болып жұмыс істеді.
2010 жылы Гарвард университетінің Кеннеди атындағы мемлекеттік басқару мектебінде оқуын аяқтағаннан кейін мемлекеттік саясат магистрі дәрежесін алды.
2010 жылғы маусымнан 2012 жылдың шілдесіне дейін Вашингтондағы Дүниежүзілік банктің атқарушы директорының кеңесшісі болды.
2012 жылғы шілдеде Молдова Республикасының үкіметінде Білім министрі болды және бұл қызметті 2015 жылдың шілдесіне дейін атқарды.
2019 жылғы ақпан-маусым айлары аралығында Молдова Республикасы парламентінің депутаты болды
2019 жылғы маусымда Молдова Республикасының премьер-министрі болып тағайындалды және бұл лауазымды 2019 жылдың қарашасына дейін атқарды.
2020 жылғы 15 қарашада өткен президенттік сайлаудың екінші турында жеңіске жеткеннен кейін Майя Санду 24 желтоқсанда Молдова Республикасының президенті қызметіне кірісті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2162113-moldovada-prezident-tikelei-efirde-otyrganda-zher-silkindi-video/