Әзербайжан президенті Батыстың Бакуға мін тағуын "екіжүзділік" деп атады
Жарияланған күні:
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев БҰҰ-ның климат жөніндегі конференциясында сөз сөйлеп, Бакуден газ сатып алып отырған, бірақ ел экономикасының мұнайға тәуелді екенін айтқан Батыс елдерінің үкіметтерін қатаң сынады.
Форумда сөйлеген сөзінде Әлиев Батыс елдерінің ақпарат құралдарын, климатты қорғау жөніндегі белсенділерді, сонымен бірге Әзербайжанның мұнай-газ саласын сынаушыларды "екіжүзді" деп атаған, деп хабарлайды euronews арнасы. Себебі, Әлиевтің айтуынша, әлемде Құрама Штаттар мұнай өндіру жөнінде бірінші орын алады.
"Әзербайжанды "мұнайлы мемлекет" деп атау орынсыз. Мұнай мен газ – күн, жел және пайдалы қазбалар секілді Жаратқанның берген сыйы. Мұнай, газ, жел, күн, алтын, күміс, мыс – осының бәрі табиғи ресурс. Осындай байлыққа ие болғаны, сондай-ақ ресурстарды нарыққа шығарғаны үшін ғана тұтас бір елді айыптауға болмайды", - деп мәлімдеді Әзербайжан президенті.
Бұған қоса, Әлиев Әзербайжанның әлемде мұнай мен газ өндірісіндегі үлесі 1 пайызға да жетпейтінін атап өткен. Оның пікірінше, елді басқа критерийлер негізінде бағалаған дұрыс, деп жазады moscow-baku.ru. Мәселен, Әзербайжанда жұмыссыздық көрсеткіші шамамен 5,5 пайыз, ал кедейлік деңгейі 5 пайыздан сәл ғана асады, дейді президент.
"Батыстың фейк жаңалықтар таратушы бұқаралық ақпарат құралдары, өзін тәуелсіз деп атайтын үкіметтік емес ұйымдар, тағы бірқатар саясаткер еліміз туралы жалған ақпарат таратудан жарысып жатқандай көрінеді. Бізді мұнайы бар деп сынау Бакуде жылдың басым бөлігінде - 250-ден астам күнде аспан ашық болады деп айыптаумен пара-пар", - деп мәлімдеді Әлиев.
Ильхам Әлиевтің конференциядағы баяндамасын форумға қатысушылар әрқалай қабылдады.
"Айтқаны шындық. Солай бола тұрса да, өндірілетін отынның зиянды екенін де жоққа шығара алмаймыз", - дейді Global Shapers Dhaka Hub өкілі Кингбаданти Сабир.
War on Want үкіметтік емес ұйымының өкілі Асад Рехман Әзербайжан басшысының кейір сөздерімен келісіп, әлемді көбірек ластаушылар тарапынан маңызды әрекет қажет екенін баса айтқан.
"Қоршаған ортаны бір ғасырдан аса уақыт бойы ластап келе жатқан АҚШ, Еуроодақ және Ұлыбритания маңызды рөл атқаруға тиіс. Олардың әрекет етуі маңызды, себебі сол арқылы бүкіл әлемге үлгі бола алады", - дейді Рехман.
Автор: Талғат Дүйсенбек
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2186696-azerbaizhan-prezidenti-batystyng-bakuga-min-taguyn-ekizhuzdilik-dep-atady/