Байден Украинаға америкалық қаруды Ресей аумағында қолдануға рұқсат берді
Жарияланған күні:
Президент Джо Байден Украинаға қашыққа ұшатын америкалық қаруларды Ресей аумағында пайдалануға рұқсат берді. Бұл туралы CNN телеарнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Мұндай шешім Мәскеу тарабынан Ресейдің оңтүстігіндегі Курск өңіріне 50 мыңға жуық жауынгер жіберілгеннен кейін қабылданған. Биыл жазда Киев күтпеген жерден Курск өңірінде қарымта шабуыл ұйымдастырған. Кремль сол аумақты қайтаруға күш салып жатыр.
Осы шешімге қатысы бар америкалық шенеуніктердің айтуынша, қару ең бірінші кезекте Курскіде қолданылуға тиіс.
"Мақсат – Украинаға Курск өңірін мейлінше ұзағырақ ұстап қалуға көмектесу", - дейді шенеуніктердің бірі.
Осының алдында Солтүстік Кореяның мыңдаған сарбазы Ресей шабуылына көмектесу үшін Курскіге орналасқаны мәлім болған. Байден әкімшілігі олардың ұрысқа араласқан соң соғыстың жаңа кезеңі бастала ма деп қауіптенеді.
ATACMS деп аталатын ұзақ қашықтықты қамтитын әскери тактикалық зымыран жүйесін Ресей аумағында да пайдалануға рұқсат беру-бермеу мәселесі бірнеше ай бойы талқыланды. Америкалық шенеуніктердің осы мәселеге қатысты пікірі екіге жарылды. Бір тобы соғыс одан сайын шиеленісіп кетеді деп қауіптенсе, енді бірі қару қорының сарқылып бара жатқанына алаңдады.
Құрама Штаттар соғыстың алғашқы екі жылында Украинаға ATACMS зымырандарын бермей келген, бірақ кейін Байден қашыққа ұшатын ол зымыранды Украина аумағында қолдануға рұқсат берген. Әскери тактикалық жүйе АҚШ-тан Украинаға биыл сәуірде жеткізілген.
Украина президенті Владимир Зеленский осы жаңалыққа қатысты пікірін Telegram-дағы ресми арнасында жексенбі күні жариялады.
"Мұндай нәрселерді жариялаудың өзі артық. Зымырандар өзі-ақ жауап береді", - деп мәлімдеді украин президенті.
Ресей сыртқы істер министрінің ресми өкілі Мария Захарованың осы мәселеге қатысты ойын РБК сайты жариялады.
"Президент бұл туралы айтқан", - деп қысқа қайырды Захарова.
Биыл қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин Киев алысқа ұшатын қаруды қолдануға рұқсат алса, жанжал мәні түбірімен өзгереді деп мәлімдеген.
"Бізге төнген қауіптің мазмұнына қарай тиісті шешім қабылдаймыз", - деген Путин.
Автор: Талғат Дүйсенбек
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2188653-baiden-ukrainaga-amerikalyq-qarudy-resei-aumagynda-qoldanuga-ruqsat-berdi/