Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Газада гуманитарлық көмек тиелген 100 шақты жүк көлігі тоналды

Жарияланған күні:

Газа секторына бара жатқан жүк көлігі
Эрез бақылау-өткізу бекеті арқылы Газа секторына бара жатқан жүк көліктері: Амир Леви/Getty Images

Газа секторының оңтүстігінде гуманитарлық көмек тиелген 100 шақты жүк көлігін тонап кетті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ CNN телеарнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Оқиға сенбі күні болған. БҰҰ Палестинадағы босқындар ісі жөніндегі агенттігінің мәліметінше, Керем-Шалом бақылау-өткізу бекетінен Газаға бет алған 109 жүк көлігінің 97-сі тоналған.

Жүргізушілерге жүкті көліктерден түсіруге мәжбүрлеген. Гуманитарлық ұйым қызметкерлері жараланған. Жүк көліктері қатты зақымданған.

Агенттік нақты кімдердің қарақшылық әрекетке барғанын атамады, бірақ "заң мен тәртіптің күйреуін", "қауіпсіз жағдайды" қолмен жасаған "Израиль билігінің саясатын" айыптады.

CNN осы мәселеге қатысты Израиль билігіне сауал жолдаған, бірақ әзірге жауап болмаған.

Дүйсенбі күні "Әл-Ақса" телеарнасы Газа қауіпсіздік күштері гуманитарлық көмек тиелген жүк көліктерін тонаған 20 шақты адамды өлтірді деп хабарлаған, бірақ онда сенбідегі оқиға туралы нақты ештеңе айтылмаған. Телеарна осы мәліметті ХАМАС бақылауындағы Газа ішкі істер министрлігіне сілтеме жасай отырып таратқан.

Осының алдында ғана БҰҰ аймақтағы мәселе тез арада шешілмесе, Газа секторында азық-түлік тапшылығы мен гуманитарлық дағдарыс тереңдей беретінін ескерткен. Газаның солтүстік бөлігінен кетіп жатқан бейбіт тұрғындардың айтуынша, аймақта азық-түлік жетіспейтіні сонша, адамдар аштан өліп жатыр.

БҰҰ арнайы комитетінің бейсенбіде жариялаған баяндамасында Израиль аштықты соғыстың бір тәсілі ретінде пайдаланды деп жазылған. Алайда Израиль билігі мұндай уәжді жоққа шығарып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2189222-gazada-gumanitarlyq-komek-tielgen-100-shaqty-zhuk-koligi-tonaldy/