Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Антисемитизм": Израиль Гаага сотының Нетаньяхуды тұтқындау туралы шешімін айыптады

Жарияланған күні:

Израиль әскері
Израиль әскері. Көрнекі фото: Alexi J. Rosenfeld / Getty Images

Израиль сыртқы істер министрі Гидеон Саар және басқа да жергілікті шенеуніктер Халықаралық қылмыстық соттың премьер Биньямин Нетаньяхуды ұстау туралы шешімін айыптады. Бұл жөнінде KAZ.NUR.KZ CNN телеарнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Гаагадағы сот Нетаньяхудан бөлек, Израильдің бұрынғы қорғаныс министрі Йоав Галант және ХАМАС шенеунігі Мохаммед Диаб Ибрагим әл-Масриді де ұстауға шешім шығарған.

Саардың мәлімдеуінше, Халықаралық сот "сот ретінде жұмыс істеу және әрекет ету абыройынан айрылды. Ол Таяу Шығыстағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты, бейбітшілікті бұзатын солшыл элементтерге қызмет ететін саяси құралға айналды".

Бұған қоса, министр "Мұндай бұйрықтар оларға (Нетаньяху мен Галлантқа) ғана емес, Израильдің өзін қорғау құқығына қарсы бағытталған" деп мәлімдеді.

Израиль ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир Гаага сотының шешімін "масқара" деп сипаттаған.

"Гаагадағы халықаралық қылмыстық сот басынан аяғына дейін антисемиттік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ақылға сыймайтын дүние. Мен осы әділетті соғыста премьер-министрді қолдаймын", - деп мәлімдеді Бен-Гвир.

Ал Израиль президенті Исаак Герцог сот шешімін "әділеттіліктің қара күні. Адамзаттың қара күні" деп атаған.

Еске салсақ, Халықаралық қылмыстық соттың Израильге қатысты шешімі бейсенбі күні мәлім болды. Сот мәлімдемесінде Нетаньяху әскери қылмыстары үшін жауапқа тартылу керектігі айтылған. Әскери қылмыстардың ішінде "аштықты соғыс жүргізу амалы ретінде пайдалану", "кісі өлтіру, қудалау солар секілді адамзатқа қарсы қылмыстар" да бар.

Халықаралық қылмыстық сот 2002 жылы құрылған. Ол геноцид, адамзатқа қарсы қылмыс, әскери қылмыс жасағандарды соттайды. Гаага сотының құзыретін айшықтайтын Рим мәртебесін әлемнің 120-дан аса елі, соның ішінде Палестина да мақұлдаған. Алайда бұл құжатқа Израиль, сонымен бірге АҚШ, Ресей, Қытай және Үндістан секілді ірі державалар қосылмаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2190819-antisemitizm-izrail-gaaga-sotynyng-netaniahudy-tutqyndau-turaly-sheshimin-aiyptady/