Трамп Байденнің ұлына жасалған рақымшылыққа қатысты пікір білдірді
Жарияланған күні:
АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде Джо Байденнің ұлы Хантер Байденге рақымшылық жасау турасында ойын бөлісті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Джо Хантерге жасалған рақымшылық көптеген жыл бойы түрмеде отырған J6-ға жасала ма? Қандай қиянат пен әділетсіздік!" - деді Трамп.
Дональд Трамп "J6" деп 2021 жылдың 6 қаңтарында Капитолийге шабуыл жасағаны үшін сотталған адамдарды меңзеді. Еске салайық, 2020 жылғы президенттік сайлаудан кейін Трамп сайлау нәтижелерін мойындаудан бас тартып, оларды бұрмаланған деп мәлімдеген. Осыған байланысты оның жақтастары 2021 жылы 6 қаңтарда Капитолий ғимаратына басып кірді.
Тәртіпсіздіктер салдарынан бес адам қаза тауып, 140 полиция қызметкері жараланды. 2023 жылы Вашингтон соты өздерін "Трамп сарбаздары" санайтын оңшыл радикалды топтың төрт мүшесін "бүлікші" деп айыптады. Топ жетекшісі 22 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ал 2022 жылы Дональд Трамп келесі президенттік сайлауда жеңіске жететін болса, Капитолийге шабуылға қатысушыларға рақымшылық жасайтынын айтқан.
Байденнің шешіміне қатысты Дональд Трамптың ұлы, кіші Дональд Трамп та пікір білдірді. Ол өз ойын X әлеуметтік желісінде айтты.
"Оның дәл осылай істейтінін бәріміз білдік", - деді ол.
Бұған дейін АҚШ президенті Джо Байден қару-жараққа қатысты заңбұзушылық, салықтан жалтару баптарымен айыпталған ұлы Хантер Байденге ресми түрде рақымшылық жариялағанын хабарлаған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2194949-tramp-baidenning-ulyna-zhasalgan-raqymshylyqqa-qatysty-pikir-bildirdi/