Грузиядағы тәртіпсіздіктер кезінде 100-ден астам полиция қызметкері жарақат алды
Жарияланған күні:
Грузияда наразылық шерулері жалғасып жатыр. Тбилисиде болған тәртіпсіздіктер барысында 100-ден астам полиция қызметкері жарақат алды. Соңғы үш күн ішінде 200-ден астам адам қамауға алынды, оның ішінде оппозициялық партия жетекшісі де бар. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Грузия ішкі істер министрлігінің ресми сайты Тбилисидегі Руставели даңғылында өткен шеру бірнеше рет "жиналыстар мен шерулерге қатысты заң нормаларын өрескел бұзды" деп хабарлайды.
"Заң шығарушы органның жанындағы шерушілер зорлық-зомбылық әрекеттерін жалғастырды. Агрессивті топтар тәртіп сақшыларына ауызша әрі физикалық қарсылық көрсетті. Олар полицияға тастар, пиротехникалық заттар, жанғыш және темір заттар, шыны бөтелкелер лақтырды", - деп хабарлады ведомство өкілі.
Полиция наразылыққа қатысушыларды бейбіт шеруге шақырып, заңды бұзбауға және тәртіп сақшыларының талаптарын орындауға үндеді.
"1-2 желтоқсан күндері болған тәртіпсіздіктер кезінде 21 полиция қызметкері жарақат алса, жалпы наразылық барысында 113 қызметкер зардап шекті. Қазіргі уақытта төртеуі ауруханада жатыр", - делінген хабарламада.
Rustavi2 телеарнасының хабарлауынша, соңғы үш күнде 200-ден астам адам қамауға алынды. Олардың көбі босатылды, ал 2 желтоқсан, дүйсенбі күні Тбилиси қалалық соты 50-ге жуық адамның ісін қарай бастады.
Тәртіпсіздік кезінде ұсталғандар арасында оппозициялық партия жетекшісі Зураб Джапаридзе де бар. Ол Чавчавадзе даңғылында бірнеше шерушімен бірге көшені қоқыс жәшіктерімен жауып тастағаны үшін қамауға алынды.Тұтқындау сәтінің видеосы грузин телеарнасы арқылы көрсетілді.
Билік тұтқасын ұстаған партияның ЕО-мен келіссөздерден бас тартуына байланысты Грузияда наразылық шерулері төртінші күнге созылғанын еске саламыз. Тбилисидегі шерулер барысында шерушілер мен полиция арасында қақтығыс өршіп, жағдай ушыға түсті.
Қарсылық акциялары о баста Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе 2028 жылға дейін Еуропалық Одаққа қосылу туралы келіссөздердің тоқтатылатынын мәлімдеген соң басталғанын хабарлаған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2195019-gruziiadagy-tartipsizdikter-kezinde-100-den-astam-politsiia-qyzmetkeri-zharaqat-aldy/