Оңтүстік Кореядағы саяси дағдарыс: президент Юнға импичмент жарияланған жағдайда не болмақ (видео)
Жарияланған күні:
Сәрсенбі Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёльдің саясаттағы болашағына қатысты көптеген сұрақ туындады. Оппозиядағы депутаттар президент тез арада биліктен кетпесе, импичмент жариялайтынын қатаң ескертті. Импичмент жарияланса не болады? KAZ.NUR.KZ саяси процесті CNN дерегіне сүйене отырып түсіндіреді.
Оңтүстік Корея конституциясына сәйкес, мемлекет басшысы "қызметін атқару барысында Конституция немесе басқа заңдарды бұзған жағдайда", парламент президентке импичмент жариялай алады.
Импичментті парламенттегі көпшілік ұсынып, оны депутаттардың үштен екісі мақұлдауға тиіс.
Одан соң парламент ұсынысы Конституциялық сотқа тапсырылады. Конституциялық сот – Оңтүстік Кореяда Жоғарғы сотпен қатар тұратын жоғарғы соттардың бірі. Тоғыз судьяның кем дегенде алтауы импичментке келісуге тиіс.
Конституция бойынша, президент импичмент жөнінде шешім қабылданғанға дейін мемлекет басшысы қызметінен шеттетіледі.
Сот процесі жүріп жатқан уақытта премьер-министр уақытша басшы қызметіне кіріседі. Оңтүстік Кореяның қазіргі премьер-министрі Хан Док Су – осы қызметті екі мәрте атқарған әккі саясаткер. Бұған дейін ол 2007-2008 жылдары президент Ро Му Хён билігі кезінде премьер-министр болған. Ро Му Хён де импичментке тап болып, президент қызметінен екі ай шеттетілген, бірақ Конституциялық сот оның билігін қайта қалпына келтірген.
Конституцияға сәйкес, импичмент мақұлданған жағдайда президент қызметтен кетеді, ал үкімет 60 күннің ішінде сайлау өткізуге тиіс.
Қазір оппозиция ғана емес, президент Юн партиясындағылар да саясаткерді сынап жатыр. Мәселен, президенттің Халық билігі партиясының мүшесі, бұрынғы депутат Джеён Ли CNN-ге "ендігі жерде президент билікте қала алмайды" деп мәлімдеген.
"Бүгін президент бар абыройынан айрылды. Ол енді ел басқара алмайды. Бітті", - деген саясаткер.
Юн Сок Ёль Оңтүстік Корея президенті қызметін 2022 жылдан бері атқарып келеді. Ол 3 желтоқсанда түнде елде әскери режим жариялап, оппозиция мен халық қарсылығынан кейін бұл шемінінен бірнеше сағаттан кейін бас тартуға мәжбүр болды. Оппозиция мен кәсіподақ, сонымен бірге шеруге шыққан жүздеген адам, әсіресе студенттер Юнның қызметтен кетуін талап етіп жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2195886-ongtustik-koreiadagy-saiasi-dagdarys-prezident-iunga-impichment-zhariialangan-zhagdaida-ne-bolmaq-video/