БҰҰ өкілі Израильден Сирияны атқылауды доғаруды талап етті
Жарияланған күні:
БҰҰ-ның Сирия жөніндегі арнайы өкілі Гейр О. Педерсен Израиль билігінен Асад әулетінің 50 жылғы билігінен енді ғана босаған елді атқылауды доғаруды талап етті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ CNN телеарнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Жексенбі күні қарулы бүлікшілер Дамаск қаласына басып кіріп, президент Башар Асадты биліктен тайдырды.
Сейсенбіде Женевада баяндама жасаған Педерсен: "Біз Израильдің Сирия аумағын атқылап жатқанының куәсі болып отырмыз. Атқылауды доғару керек. Бұл өте маңызды", - деп мәлімдеді.
Дүйсенбі күні Израиль Сирияның химиялық қарулары нысандарына соққы жасағанын хабарлаған. Бұған қоса Тель-Авив әскерін Израиль басып алған Голан жотасы мен Сирияның басқа да бөлігінің арасындағы буфер аймаққа орналастырып, Сирия аумағына ішкерілей енген "қауіпсіздік аумағын" құруға бұйырған.
Бұл уақытта Сирияда билік әлі толық анықталған жоқ. Педерсеннің айтуынша, "Хайят Тахрир аш-Шам" бүлікшілер тобын бастағанымен, өзара бірікген топтар да бар, енді оларға бірге жұмыс істеуге тура келеді.
БҰҰ арнайы өкілінің мәлімдеуінше, Асад жүйесі тез арада құлайды деп ешкім күтпеген. Сирия билігі де, бүлікшілер де дәл осылай болады деп ойламаған.
"Қазір Дамаскіні бақылауға алған қарулы топтардың өзі де осылай болғанына таңқалып отыр", - дейді БҰҰ өкілі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2198579-buu-okili-izrailden-siriiany-atqylaudy-dogarudy-talap-etti/