Түркияда арнайы операция кезінде Стамбұл мэрі ұсталды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Түркияда арнайы операция кезінде Стамбұл мэрі Экрем Имамоглу мен оның баспасөзбен байланыс жөніндегі кеңесшісі Мурат Онгун ұсталып, сотқа жеткізілді. Іс бойынша барлығы 100 күдікті бар.
РИА Новости-дің Түркияның Sabah басылымына сілтеме жасап жазуынша, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қалада ауқымды операция бастап, оппозиция өкілі, Стамбұл мэрі Экрем Имамоглуды ұстауға ордер берген.
"Стамбұлда жемқорлыққа қарсы ауқымды операция басталды. Оның аясында қала мэрі Экрем Имамоглу мен оның баспасөзбен байланыс жөніндегі кеңесші Мурат Онгунды ұстауға ордер берілді", - деп жазған басылым.
Басылымның мәліметінше, CNN Turk агенттігі қала мэрін тұтқындауға не себеп болғанын жазған.
"Оппозиция өкілі, Стамбұл мэрі Экрем Имамоглу сыбайлас жемқорлықпен, парақорлықпен және параға сатып алумен айналысқан ұйымға қатысты ісі бойынша ұсталған. Имамоглудың үйінде тінту шаралары жүргізіліп, оны полиция қызметкерлері сот ғимаратына жеткізді", - деп мәлім еткен телеарна.
Сонымен қатар қалалық прокуратура сыбайлас жемқорлық, парақорлық және алаяқтық бойынша күдікке ілінген 100 адамды бір уақытта ұстауға, қамауға алу және тінту шараларын жүргізуге бұйрық берілгенін мәлімдеген.
ТАСС-тың мәліметінше, осы аптада Стамбұл университеті заң бұзушылықтарға байланысты Имамоглудың жоғары білімі туралы дипломын жарамсыз деп таныған. Бұған дейін қаланың Бас прокуратурасы дипломның заң талаптарына сай екенін тексеруді талап еткен еді.
Айта кетейік, Экрем Имамоглу оппозициялық партия – Республикалық халық партиясының (CHP) праймеризінде жалғыз кандидат болған. Ол президент сайлауына билік партиясынан түсетін болашақ кандидаттың басты қарсыласы саналған еді.
Экрем Имамоглу былтыр сәуірде өткен Стамбұл мэрін сайлауда жеңіске жеткен болатын. Осыған дейін ол қаланы 5 жыл басқарған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2229320-turkiiada-arnaiy-operatsiia-kezinde-stambul-meri-ustaldy/
Жарияланымға реакцияңыз?
Пікірлер жүктелуде