Соңғы шахтың ұлы: билікке қарсы шыққан ирандықтар елге қайтарғысы келетін Реза Пехлеви туралы не білеміз
Опубликовано:
Иранда билікке қарсы шыққан ирандықтардың көбі елден қуылып, бүгінде шетелде тұратын, соңғы шахтың ұлы Реза Пехлевиді қайтаруға шақырып жатыр. Пехлевидің өзі де халықты көшеге шығып, аятоллалар режиміне қарсы шығуға үгіттеп жатыр. Мақалада тақтың бұрынғы мұрагері туралы ақпаратты бөлісіп, неліктен ол Иранда танымал екенін тарқатамыз.
Шахзаде ("шахтың ұлы", тақ мұрагері) Пехлеви кішкентайынан әкесінің тағына отыруға дайындалған. Алайда 1979 жылы елде ислам революциясы болды. Ол кезде 19 жастағы Реза Пехлеви АҚШ-та әскери ұшқыш мамандығы бойынша білім алып жатқан еді.
Сонда жүріп ол әкесі Мохаммед Реза Шах Пехлевидің тақтап қуылып, елден кетуге мәжбүр болғанына куә болды. Ал көп ұзамай, 1980 жылы әкесі Мысырда обыр ауруынан қайтыс болды.
Тақ мұрагері мен оның жақындары бір сәтте отанынан айырылып, шетелді паналап қалды. Одан кейінгі жылдары қарындасы мен інісі өзіне қол салып, қаза тапты. Осылайша Реза Пехлеви тақтың жалғыыз мұрагері әрі символикалық ел басшысы болып қалды. Қазіргі таңда оның жасы 65-те және ол елге оралып, мемлекеттің болашағына ықпал етуге тағы бір мүмкіндік туатынына үміттеніп отыр. АҚШ-та, Вашингтон маңындағы қалашықта өмір сүреді. 1960 жылы туған шахтың ұлы 1986 жылы Ираннан қашқан Ясмин есімді юриспруденция докторына үйленеді. Бүгінде олардың Нұр, Иман және Фара есімді үш қызы бар.
Осы уақытқа дейін Реза Пехлевидің есімі иран монархистері үшін символикалық тұлға болып саналып келді. Себебі Пехлеви кезеңін ирандықтардың көбі батыспен тығыс байланысты модернизация кезеңі деп есептейді. Сондай-ақ бұл кезең цензура мен САВАК деп аталатын Иранның құпия полициясы орнатқан репрессия кезеңі ретінде есте қалды. 1980 жылы Реза Пехлеви Мысырда өз-өзін шах етіп жариялады. Бұл рәсімнің аса бір мәні болмады, Пехлеви қарсыластары оны мойындамады. Шетелде жүріп Пехлеви бірнеше мәрте Иран оппозициясын құруға талпынды. Мәселен 2013 жылы ол еркін сайлау үшін күресетін Ұлттық Иран кеңесін құрғанын мәлімдеді. Бірақ мұндай коалициялардың Иранның ішінде ықпалы болмады.
Бұл тұста Пехлеви басқа ұйымдармен салыстырғанда күштеу тәсілдеріне қарсы болды және Иран халқының моджахедтер ұйымы секілді оңшыл радикалдардан өзін аулақ ұстады. Пехлеви билікті ауысуы бейбіт түрде болуы керек деген ұстанымда болған.
Соңғы жылдары Иранда Пехлеви династиясын еске алатындар көбейген. 2017 жылғы шерулерде халық Реза-шах, яғни Реза Пехлевидің атасының есімін ұрандатқан.
Ал 2022 жылғы күзде әдеп полициясы өкілдері Махса Аминиді өлтіргеннен кейін Иран бойынша шерулер өтіп, жаңалықтарда Реза Пехлеваның есімі қайта пайда болды. Ол бөлініп кеткен иран оппозициясының басын қайта біріктірмек болған. Осылайша шетелдің назарына түскенімен, бұл жағдайды сәтті пайдалана алмады.
Ал 2023 жылы ол Израильдағы Холокост құрбандарын еске алуға арналған шараға қатысып, ел премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездесті. Бұл кездесу де елде түрлі дау тудырды. Ол Иранға жасалған соққылар бейбіт ирандықтарды мақсат етпейтінін және Иран халқының көп бөлігі қазіргі режимнің әлсірегенін қалап отырғанын жеткізді. Оның бұл мәлімдемелері де талқыланып жатыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/world/2330094-songgy-shahtyng-uly-bilikke-qarsy-shyqqan-irandyqtar-elge-qaitargysy-keletin-reza-pehlevi-turaly-ne-bilemiz/