Иран "АҚШ шабуыл жасауы мүмкін" деген хабарламадан соң әуе кеңістігін жапты
Опубликовано:
Читать на русском
АҚШ алдағы тәулікте әуеден шабуыл жасауы мүмкін деген хабарламадан кейін Иран билігі елдің әуе кеңістігін жапты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Flightradar24 әуе қозғалысын бақылау қызметінің X желісіндегі мәліметі бойынша, Иран халықаралық рейстерден басқа барлық рейстер үшін әуе кеңістігін жабу туралы NOTAM ескертуін жариялады.
Қызмет мәліметінше, қазіргі уақытта Иран аспанында әуе қатынасы жоқ.
Current air traffic over Iran now (none) compared to the same time last week. pic.twitter.com/zsnQq3ahvQ
— Flightradar24 (@flightradar24) January 15, 2026
Al Jazeera тілшісінің хабарлауынша, Иранның жоғары лауазымды шенеунігі көрші елдерге егер Вашингтон Иранға шабуыл жасаса, америкалық базаларға шабуыл жасайтынын ескерткен. Содан кейін АҚШ Таяу Шығыстағы базаларынан қызметкерлерінің бір бөлігін шығара бастады.
Сонымен қатар Қатар Әл-Удейд әуе базасындағы персонал санын қысқартты, билік өкілдерінің айтуынша, бұл – қазіргі аймақтық шиеленіске жауап ретінде қабылданған шара. Ұлыбритания да Қатардағы әуе базасының персонал санын қысқартуда.
РБК хабарлауынша, БАҚ хабарламаларына сәйкес, АҚШ алдағы 24 сағат ішінде Иранға шабуыл жасауы мүмкін.
РИА Новости-дің хабарлауынша, АҚШ Ирандағы жағдайға байланысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын бейсенбі, 15 қаңтарда өткізуді сұраған.
"Отырыс өткізуді АҚШ сұрады", - деді Қауіпсіздік Кеңесінің дереккөзі агенттікке, сондай-ақ америкалық тарап отырысты сағат 15:00-де өткізуді сұраған.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қаңтар айындағы төрағасы (Сомали) тиісті кездесудің тағайындалғанын әлі ресми түрде жариялаған жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, Иранда 2025 жылдың 28 желтоқсанында қымбатшылыққа байланысты жаппай наразылық басталды. Бұл соңғы жылдардағы ең ірі наразылықтың біріне айналды.
Бұған қатысты АҚШ президенті Дональд Трамп Иран билігіне наразылыққа шыққандарға көмекке келуге дайын екендігі туралы ескертті.
Ал Иранның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Америка Құрама Штаттарын елде тәртіпсіздіктер тудырды деп айыптап, наразылықты Америка Құрама Штаттары мен Израиль үйлестіріп отырғанын мәлімдеді. Сондай-ақ Иран билігі Израиль мен Америка Құрама Штаттарына Тегеранға агрессия көрсетуіне жол бермейтіні туралы ескерту жасады.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен ынтымақтастық жасайтын елдерге 25 пайыздық баж салығы енгізілгенін мәлімдеді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/world/2331603-iran-aqsh-shabuyl-zhasauy-mumkin-degen-habarlamadan-song-aue-kengistigin-zhapty/