Дубайда жаппай төбелеске қатысқан 8 өзбек азаматы өмір бойына бас бостандығынан айырылды
Опубликовано:
БАӘ соты Дубайдағы жаппай төбелеске қатысты іс бойынша сегіз өзбек азаматына өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, тағы бір айыпталушы 25 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Газета.uz басылымына сілтеме жасап.
"Қазіргі уақытта Өзбекстанның тиісті мекемелері мен дипломатиялық миссиялары жағдайды жан-жақты зерттеу және ел азаматтарының құқықтарын қорғау үшін барлық қажетті шараны қабылдауда", - делінген хабарламада.
Басылымның ақпаратына сүйенсек, Өзбекстан азаматтарының қатысы бар жаппай төбелес 2025 жылдың сәуірінде Дубайдағы жанармай бекетінде болған. БАӘ құқық қорғау органдарының мәліметінше, оқиға салдарынан екі өзбек азаматы ажал құшты: біреуі оқиға орнында пышақ жарақатынан, ал екіншісі ауруханада комаға түсіп, көз жұмды.
25 сәуірде өзбек дипломаттары Дубай қылмыстық іздестіру департаментінің басшылығымен кездескен. Әмірліктер тарабы іс бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын және 15 өзбек азаматы ұсталғанын хабарлады. БАӘ билігі шетелде өзбек азаматтарының қатысуымен жасалған қылмыстардың жиілеуі екі ел арасындағы визасыз режимге кері әсер етуі мүмкін екенін атап өткен.
Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі бұл іс бойынша құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын хабарлады және Өзбекстан азаматтарын шетелдегі отандастарының беделіне нұқсан келтіруі мүмкін әрекеттерден бас тартуға шақырды.
Кейінірек Дубай прокуратурасы қақтығыс бұрын бір-бірін танитын екі топ арасында және алдын ала ақпарат бойынша, ұзақ уақытқа созылған жеке дауға байланысты болғанын түсіндірді. Оқиғаға қатысы бар адамдардың бәрі бейнебақылау камераларының жазбалары мен куәгерлердің айғақтары арқылы анықталды, кейін олар басқа әмірліктегі қонақ үйде ұсталды. Іс қосымша тергеу үшін прокуратураға жолданды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/world/2335269-dubaida-zhappai-tobeleske-qatysqan-8-ozbek-azamaty-omir-boiyna-bas-bostandygynan-aiyryldy/