Жол апатына түсіп, аяғынан айырылған Тамара Асар ауыр күндерін еске алды
Жарияланған күні:
Танымал әнші, қазақ эстрадасында өзіндік орны бар Тамара Асар жиырма бір жасында апатқа ұшырап, бір аяғынан айырылған кезін еске алды. Ол тағдырдың тәлкегіне қалай төтеп бергенін айтты деп хабарлайды NUR.KZ.
Бұл туралы ол «QAZAQ» газетіне берген сұхбатында айтты.
"1997 жылы ансамбльде жұмыс жасай бастағанымда бақыттан басым айналып жүрді. Барлық құрбыларымда жігіт, баспана, ақша сынды мәселе болса, ал менде ондай мәселе болған жоқ. Ақша маған өздігінен келіп жатты. «Ақша мені жақсы көргендіктен өздігінен келеді» деген күпірлік сөзді айтатынды шығардым. Кейін ол бақыттың құны мен үшін тым жоғары болды.
Тағы оқыңыздар: Қарағандыда бір оқушыға бола бүкіл сыныптың балалары мектепке бармай қойды
Өміріңдегі ең ауыр кезеңді еске алу да қиын. Жиырма бір жасымда ағам үйленетін болып, тойдың қамымен жүгіріп жүрген едік. Әкем, ағам үшеуміз жол апатына ұшырадық. Дәл сол сәттегі жантүршігерлік оқиғада мен барлығының құнын төлегенімді түсіндім. Әкем: «Саған аяқ жасап береміз», – деді. Мен бұған дайын едім. Өйткені, оның алдында түс көрдім. Түсімде аяғымдағы бір туфлиімді жоғалтып алып, оны ағаштан жонып жасап отыр екенмін", - деп есіне алады ол.
"Барлығын басынан бастауға тура келді. Төсек тартып көп жаттым. Отыра алмайтынмын. Арбамен қозғалатынмын. Бірақ, сол жол апатында бір аяғымнан айырылсам да, өмірге деген деген құштарлығымнан айырылғаным жоқ", - дейді Тамара Асар.
Қазір де шаршаған сәтте жігерді айналамдағы адамдардан, әке-шешемнен, баламнан аламын. Олар берік жандар. Рухы мықтылар тіреп тұрса, сені құлатпайды. Құлап бара жатсаң да, сынып бара жатсаң да аман алып қалады. Тіл-көз тасқа, жан-жағым, жанкүйерлерім мықты", - деді Тамара Асар.
Тамара Асардың айтуынша, жол апатынан соң көптеген оталарды бастан кешірген.
"Жол апатынан кейін маған көп ота жасалды. Оған қарамастан мен ән саламын. Бірақ, зардабы, әрине, қалды. Түске дейін ауруханалық ем-шараларда боламын. Немесе маған массажистер келеді. Менің омыртқам, жамбас сүйектерім сынған, созылмалы бронхитпен де ауырдым. Төсек тартып ұзақ жатқан кезде көп ойланасың, барлық ойларыңды електен өткізіп үйренесің. Бұл енді өз-өзіңмен жұмыс жасай білу", - дейді қиын күндерді еске алған әнші.
Тағы оқыңыздар: Мәскеуде жаппай төбелес болып, 50-ден аса мигрант ұсталды (видео)
Қазақ әншісі, сонымен бірге, оның тағдыры Нұрсұлтан Назарбаевты да бей-жай қалдырмай, ол Тамара туралы деректі фильм түсірген.
Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Маңғыстауға келгенде, мен ол кісінің алдында ән айттым. Көлік апатынан кейін сахнаға қайта шығып жүрген кезім. Аяғымды ауырсынып жай қозғаламын, бірақ әнді жан-тәніммен беріліп айтатынмын.
Сонда Елбасы жергілікті азаматтардан: «Мынадай талант иесі Маңғыстауда неғып жүр? Неге үлкен сахнаға шықпайды?» деп сұраған екен. Олар жол-көлік апаты туралы, денсаулығым туралы баяндап беріпті, мұны естіген Елбасы мен жайлы фильм түсіруге ұсыныс айтады. Кейін осы деректі фильм түсірілді. Үлкен сахнаға да шықтым", - дейді әнші.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1624497-zhol-apatyna-tusip-ayaghynan-ayyrylghan-t/