Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Талай аңызға арқау болған Қорқыт ата туралы не білеміз

Опубликовано:

Қорқыт атаның иллюстрациялық суреті
Қорқыт атаның иллюстрациялық суреті. Көрнекі сурет: "Егемен Қазақстан" газеті

Ұлы ойшыл, жырау әрі қобызшы Қорқыт ата кім болған? Оған неліктен Қорқыт есімі берілген? Осы ретте NUR.KZ порталы ашық ақпарат көздерін топтамаға кіргізе отырып, жырау туралы аз-кем мағлұмат бере кетуді жөн санады.

Қорқыт ата қай кезеңде өмір сүрген?

Қорқыт ата VII ғасырда Сырдария өзенінің бойындағы бұрынғы Жанкент қаласында өмір сүрген. Кемеңгер тұлға дүниеге келмес бұрын анасы оны құрсағында үш жыл көтерген деген аңыз әңгіме бар.

Ол дүниеге келгенде табиғат тылсымы ерекше күйге енген. Қатты боран соққан. Күн тұтылып, үш күн бойы күннің көзі көрінбеген. Қара тұман басқан. Сол себептен оған "Қорқыт" есімі беріліпті. Ойшыл жыраудың өмірін зерттеген ғалымдар оның есімінің мағынасын түрліше болжаған. Бірі "құт әкелетін адам" десе, енді бірі "өмір тоқтады" деп болжаған. Бір қызығы, Қорқыт ата дүниеге келе сала тілі шығып, сөйлеп кетіпті. Тіпті туыла салып жүріп кеткен деген де аңыз бар.

Зерттеуші ғалымдар Қорқыт атауына әр түрлі түсініктеме береді. Мысалы, Әуелбек Қоңыратбаев тұлғаны ырыс әкелуші адам деп пайымдаса, Сейіт Қасқабасов адамзаттың өлімі, өмірдің сарқылуын Қорқыт пәлсәпасымен байланыстырады.

Қорқытпен қобыз егіз ұғым іспеттес. Ол туралы "Қорқыт ата кітабында" тереңінен жазылған. Кітаптың алғашқы беттерінде жыраудың нақыл сөздері жазылған. Онда өмір мен өлім туралы көбірек мағлұмат алуға болады. Аңыздарға сенсек, Қорқыт "өмір барда өлім бар, өзгеру бар. Өлмес өмір жоқ. Сынбас темір жоқ, бәрі де өледі. Өзгереді, ұмыт болады. Тек мәңгілікке өлмейтін, ұмытылмайтын адамның өмірінде жасаған игілікті ісінің нәтижесі" деген.

Қорқыт ата кесенесі
Қорқыт ата кесенесінің көрінісі. Көрнекі сурет: el.kz

Қорқыт туралы аңыздардың бірінде ол тәтті ұйқыға кетіп, түсінде әлдекім "егер өлімді есіңе алмасаң, мәңгі өмір сүресің" деген аян береді. Арада біраз уақыт өтіп Қорқыт бір баспақты қуып жүріп, өзіне "өлсем де жетемін" деген серт береді. Алайда көп ұзамай оған Әзірейіл келіп, өлімді еске алғаны үшін өлесің деп айтады. Жалпы Қорқыт ата өмір бойы өлімге қарсы күресуші жан ретінде сипатталады. Көпшілікті жырымен ғана емес, күйімен де өзіне қаратқан ол дүниенің төрт бұрышын кезіп кетеді. Бір атап өтерлігі, жолшыбай кездескен адамдардың барлығы көр қазып жатады. Олардан "кімнің көрі?" деп сұрағанында, "Қорқыттың көрі" деген жауап алады. Тағы бір түсінде "жер кіндігін тапсаң, тірі қаласың" деген аян естіген соң ол өзі туған өңірге қайта оралыпты. Содан қобыз аспабын ойлап табады. Қорыта айтқанда, Қорқыт ата туралы бірнеше аңыз бар. Олардың бірінде өзен ортасындағы кілем үстінде қобызымен күй тартқан оның кілемі құдіретті күйдің арқасында суға батпайтыны да айтылады. Аңыздарда Қорқыт ата қобыз тартқан жылдары ел ішінде ешбір текетірес, өлім болмаған деседі. Тек күндердің бірінде ерекше аспапта ойнап отырған ол кенеттен ұйқыға кеткен сәтінде судағы қайрақ жылан оны шағып өлтірген деген де аңыз бар. Тағы бір аңыз әңгімелерде Қорқыт қобызда күй тартып қана қоймай, ол арқылы адам емдеген деген де мәліметтер кездеседі. Онымен қоса, оның бойында болашақты болжайтын да қасиет болған көрінеді.

Қорқыттың қобызынан шыққан күйлер

Жер бетінде қобыз аспабында алғаш болып күй тартқан Қорқыт атаның күйлері бүгінде кеңінен танымал. "Қорқыт", "Башпай", "Тарғыл ана", "Ұшардың ұлуы", "Желмая" және "Елімай" күйлерінің жарыққа шығу тарихы да ерекше. Мәселен, "Башпай" күйі. Аңыздарға сүйенсек, оның қарындасы тамақ әкеп берген сәтінде башпайы қарындасына тиіп кетеді. Осыдан соң  Қорқыт өзі дүниеден озғанда башпайын сыртқа шығарып көмуді сұранады. Себебі ол кезде ер азаматтың кез келген дене мүшесі қыз баласына тиіп кетсе, ұятқа баланған.  Осы жағдайдан соң "Башпай" күйі жарыққа шығады. Ал "Ұшардың ұлуы" күйі ертеде Ұшар есімді иті болған бала туралы. Отбасының жалғыз ұлы болған ол дүниеден озған соң Ұшар атты иті де жоғалып кетеді. Марқұм баланың ата-анасы оны баланың мазарының басынан табады.

Қорқыттың әкесі - Қарақожа. Ол Сырдария аумағын мекен еткен оғыз тайпасынан шыққан. Ал анасы Алтыншаш қыпшақтың қызы екенін атап өту керек.

Қорқыт кесенесі
Жаңарған Қорқыт ата кесенесі. Көрнекі сурет: el.kz

Қорқыт ата мазары қайда орналасқан?

Қорқыт ата мазары шамамен IX-X ғасырларда Қызылорда облысы, Қармақшы ауданынан қарасты Қорқыт стансасына үш шақырым жерде жатқан Қорқыт әулиеде тұрғызылған деген аңыз бар. Ал Қорқыт ата ескерткіші Қызылода облысы, Қармақшы ауданы, Жосалы кентіне 18 шақырым жердегі Қорқыт стансасында орналасқан.

el.kz сайтында жарияланған "Қорқыт Ата кесенесі: Аңызға толы ақиқат" мақаласында Қорқыт ата кесенесі туралы мынадай мәлімет берілген:

Сыр бойында орналасқан кесененің құрылысы 1980 жылдары басталды. Кешенді қайта қалпына келтіру жұмыстары 1997 жылы жүргізілді. Қорқыт ата кешенінде арнайы амфитеатр, музей, қылует салынған. 2014 жылы баба кесенесі толыққанды жөндеуден өтті. Түркі әлеміне ортақ тұлғаның қазақ топырағында орналасқан кесенесіне жаһан жұрты қызығушылық танытып отыр.

Қорқыт ата кітабы жайлы құнды деректер

Қорқыт дастанының қолжазбасын алғаш рет Дрезден кітапхана қызметкері Флишер кітаптарды тізімге алу кезінде анықталды. Қолжазбаның мұқаба бетінде "Оғыз тайпаларының тіліндегі Дәдә Қорқыт кітабы" деп жазылған. Бұл қолжазба Сұлтан Аһмет паша (1590-1617) билікте болған 1603-1617 жылдар аралығында Топқапы кітапханасына тапсырылды деген анықтамасы болғаны үшін Флишер оны сол ғасырлардың кітаптар тізіміне енгізген. Бұл жөнінде ғалымдар И.Жеменей және Ы.Палтөренің "Қорқыт ата жырларының шығу тарихы" еңбегінде баяндалған.

Қорқыт ата кітабының Дрезден нұсқасы 12 дастаннан тұрады, 154 бетте жазылған. Кітаптағы он екі дастанның мазмұны мынадай:

  1. Дирсеханұлы Бұғаш дастаны;
  2. Қарашық шопанның дастаны;
  3. Байбөріұлы Бамсы Байыр дастаны;
  4. Бурла хатун дастаны;
  5. Тоқа Қожаұлы Делі Домрул дастаны;
  6. Қаңлы Қожаұлы Қан төрелі дастаны;
  7. Қазылық Қожаұлы Иейене дастаны;
  8. Төбекөзді өлтірген Босат дастаны;
  9. Бекілұлы Омран дастаны;
  10. Ұшан Қожаұлы Секрек дастаны;
  11. Ораз дастаны;
  12. Салур Қазан дастаны.

Қорқыт кітабының Ватикан нұсқасы да бар. Ватикан қорындағы қолжазба 6 дастаннан тұрады. Ғалымдардың пайымдауынша бұл Дрезден нұсқасынан бұрынырақ жазылған. Сонымен қатар Ватикан нұсқасының жазулары түгелдей дыбыстары әрекет таңбаларымен белгіленген. Ал неміс тіліндегі нұсқасында әрекет (дыбыстық таңба) қойылмаған. Ватикан қолжазба нұсқасын 1950 жылы италян ғалымы Атур Рози тапты. Аталған қолжазба 109 беттен тұрады.

Қорқыт ата туралы мәліметтер түркі халықтары арасында жиі кездеседі. Қазақ мәдениетінде Қорқыт атаның 12 күйі сақталған

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1669853-qorqyt-ata-turaly-ne-bilemiz/

pixel