"Бәрінің бас сүйегінен атқан": Сталиндік режим қуғын-сүргін құрбандарын қалай азаптады?
Жарияланған күні:
Бүгін - елімізде сталиндік билік тұсындағы саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Алматыдан 37 шақырым жерде орналасқан Жаңалық ауылы сол қасіретті 1937 жылдың куәсі болған мекен. NUR.KZ порталы Алматы іргесіндегі жазықсыз атылғандардың сүйегі жатқан ең үлкен зиратқа ат басын тіреп, қуғын-сүргін құрбандарының сүйегін өз ауласынан тапқан жергілікті тұрғындармен тілдесіп қайтқан болатын.
Жаңалық ауылы Алматыдан солтүстікке қарай 37 шақырым жерде орналасқан. Жергілікті билік, ауыл мектебі мен тұрғындары Жаңалықтағы мемориал басында жыл сайын мал сойып, арнайы ас беруді әдетке айналдырған. Мемориал ауыл әкімшілігінің әрдайым назарында. Мектеп мұғалімдерінің айтуынша, бұл ескерткіштің айналасын таза ұстап, гүлдерін күтіп-баптау солардың мойнында.
Тарихшылардың деректері бойынша, сталиндік қуғын-сүргін жылдары Қазақстанда 22 мың адам атылған. Солардың 4 500-ден астамы Жаңалық ауылы маңындағы жерге көмілген. Олардың арасында Сәкен Сейфуллин, Ораз Жандосов, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров сынды қазақ зиялыларының сүйектері жатыр.
Ауыл тұрғындары қуғын-сүргін жылдарына қатысты өздері ұзынқұлақтан естіген әңгімесін баяндап берді.
"Репрессия жылдары түрмеде атылған өліктерді Жаңалық ауылының маңындағы арнайы қазылған орға тасыған жендет жанына 4-5 жастағы ойын баласын ертіп алып, оған аманат айтқан екен. "Кейін қазақтар өздерінің ұлыларын іздейтін болады. Бірақ мен ол уақытқа дейін тірі тұрмайтын шығармын. Сонда сен оларға ата-бабаларының осы жерге жерленгенін айтып, көрсет" депті. Сол бала ауылдағы ескерткіш ашылғанда жасы келген қария еді. Қазір ол кісінің бар-жоғын білмейміз", - дейді олар.
Жаңалықтықтар репрессия жылдарының құрбандарын құлағымен естіп қана қоймай, көпшілігі олардың сүйектерін өз көзімен көріп, қолдарымен ұстап та көрген. Солардың бірі - ауыл мектебінде 25 жылдан бері ұстаздық етіп келе жатқан Серік Жамбақиев.
Жаңалық ауылындағы Ілияс Жансүгіров атындағы №37 орта мектеп мұғалімі мемориал алғаш ашылған жылдары ауылдың ішінен табылған адам сүйектерін өз қолымен реттеп, табыттарға қалай салғанын есіне алды. Серік Жамбақиев мектептің сол кездегі шаруашылық меңгерушісімен бірге қапқа салынған адам сүйектерінен 26 адамның қаңқасын құрастырыпты. Айтуынша, бассүйектердегі оқтың ізіне қарап, олардың бәрін шүйде тұсынан атқаны белгілі болған. Тиген оқ маңдайды жарып шыққан.
"Қаптағы сүйектерді үш -төрт табытқа алты-алтыдан салдық. Біреуінің қол жілігі жоқ, аяғы жоқ деп түгендедік. Оларды арулап, жаназасын шығарып, ескерткіштің артына жерледік. Сол кезде байқағаным - бәрінің артынан атқан, басының қарақұс бөлігіне тиген оқ маңдайларын жарып шыққан", - дейді Серік Жамбақиев.
Аталған мектептің тарих пәні мұғалімі Нұргүл Исанованың жетекшілігімен оқушылар да ауылында орын алған тарихи оқиғаны зерттепті. Олар көршілес жатқан Әли ауылының сол кездің куәсі болған көнекөз қарияларынан құнды естеліктер жазып алып қалған.
"1910 жылы туған кісілердің бәрі қазір марқұм. Әли ауылының тұрғындары Найманбаев пен Торсықовтың айтуына қарағанда, 1937 жылдың жазынан 1938 жылдың көктеміне дейін Алматы өзенінің оң жағалауында, «көне Диханбай» ауылының шығыс жағына күндіз әскер келіп, қолдарындағы күрек, сүймендерімен жер қазады екен. Адамдар сұрағанда, солдаттар: "Жұттан және аурулардан қырылған жылқылар үшін қазып жатырмыз деп, оған жақындау өте қауіпті екенін айтқан. Бірақ сол кездегі балалар барлық оқиғаны өз көздерімен көріп, есте қалғандарын бүгінге жеткізді. Күн сайын кешкісін солдаттар қазған орға атып тасталған адамдардың денесін әкеліп, лақтырып, бетін топырақпен жасырын көміп тастаған. Машиналар екі-екіден, кей кездерде алтаудан да келетін. Кей кезде жалаңаяқ адамдарды әкеліп, шұңқыр шетіне тұрғызып ататын", - деп жазады оқушылар өздерінің зерттеу жұмысында.
1980 жылдан бері Жаңалық ауылында тұрып, ауласынан адам сүйектерін тапқан Көкенай Матжанов та осы оқиғаны ұмытпауға барын салып жүрген жан. Кезінде нақақтан сотталған қоғам қайраткерлерін ақтайтын«Әділет» тарихи-ағарту қоғамының басқарма мүшесі болған ол құзырлы орган қызметкерлерінің жазықсыздарды атқан жендетпен болған кездесуін айтып берді.
"Ұлттық қауіпсіздік қызметінің адамдары жазықсыздарды атуға тікелей қатысқан адамды тауып, анығын сұраған екен. Олар кіріп келгенде ана байғұс ойбайлап жылап, тізерлеп жалыныпты. Жасы да келіп қалған болуы керек. Олардың тиісуге келмегеніне көзі жеткен соң, ол бар шындықты айтыпты. "Бізге бұйрық беріледі, кешке қараңғы түсе, адамдарды тірідей апарамыз. Басынан атқызады. Сосын қашып кетпесін деп тілерсектегі сіңірден қанжармен тіліп тастаймыз", - деп әңгімелеген", - деп еске алды Көкенай Матжанов.
Қайнар ауылдық округі, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Тұрсынғали Саудабаевтың айтуынша, бұл маңай әлі толық зерттеліп бітпеген. Зейнеткер ауыл тұрғындарының ауласынан әлі күнге дейін адам сүйегі табылатынын жасырмады.
"Осыдан екі жыл бұрын Жаңалық ауылына су құбыры тартылды. Құбыр жүргізуге екі метр ұзын ор қазғанда ауылдың ішіндегі тоғыз шаршы метр жерден 42 адамның сүйегін таптық. Қазылса, көп жерден сүйектер шығады. Кей жерлерге үй салынып кеткен", - дейді Тұрсынғали Саудабаев.
Айта кетейік, қазір осы мемориал аумағында мұражай құрылысы жүріп жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1734548-brini-bas-sjeginen-atkan-stalindik-rezim-kugyn-srgin-krbandaryn-kalaj-azaptady/