RU

953 мың: Әбдірахымов өзге әкімдерден көп жалақы алатын болып шықты

"Зың әкім" атанып кеткен Шымкент басшысы Ғабидолла Әбдірахымов айына бір миллионға жуық жалақы алатынын жасырмады деп хабарлайды NUR.KZ.

953 мың теңге: Әбдірахымов өзге әкімдерден көп жалақы алатын болып шықты
Ғабидолла Әбдірахымов. Фото: Otyrar.kz: UGC

NUR.KZ сұранысына берген жауабында Әбдірахымов мырза айлығы 953 мың теңгені құрайтынын жеткізді.

Алайда мемлекетке төленетін міндетті салықты есептегенде, ол айына 762 400 теңге алады екен.

"Жалпы алғанда, мемлекеттік қызметкер алатын жалақы туралы айтар болсақ, олардың айлық көлемі жекелеген үлкен компанияда жұмыс істейтін азаматтар алатын көлеммен бірдей болу керек деп ойлаймын. Бұл халықаралық тәжірибе! Мемқызметкердің айлық жалақысы олардың жақсы өмір сүруіне жетіп, сыбайлас жемқорлық қаупін азайту керек", - деп есептейді ол.

Айта кетейік, осыған дейін Көкшетау, БҚО және Түркістан облысындағы Арыс қаласының әкімі, Павлодар, Талдықорған, Қызылорда қаласы әкімдерінің қандай айлыққа өмір сүріп жүргендерін жариялаған болатынбыз.

Сондай-ақ, жылына 7 миллион теңге табатын қала әкімі туралы да жариялаған едік.

Айына миллионға жуық жалақы алатын министрлер тізімін де біздің порталдан оқи аласыздар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1758946-953-my-bdirahymov-zge-kimderden-kp-zalaky-alatyn-bolyp-sykty.html