Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жазда екі үйді салып тастайтын өзбектер Қазақстандағы өмірін баяндады

Жарияланған күні:

Елімізде құрылыс саласында жергілікті жұмыс күшіне қарағанда көрші өзбек ағайындарға сұраныс көп. Өзбекстанның Наманган өлкесінен шыққан ағайынды жігіттер соңғы 15 жылда Қазақстан мен Ресейдің бірнеше қалаларында болған. Осы уақыт ішінде олар жалпы саны 20-ға жуық жеке тұрғын үй салып үлгерген деп жазады NUR.KZ.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Depositphotos

Ағайынды төрт жігітке ерте көктемнен бастап қар түскенше елінен жырақта жүруге тура келеді. Айтуларынша, жылына 12 ай болса, соның үш айында ғана бала-шағасымен бірге болып, жылы үйде дәмді тамақпен ауқаттануға мүмкіндік бар.

40 жастағы Қабылжон үйдің үлкені. Ауылда әйелі мен екі баласы қалған.

"Әйелім ауылдың фельдшері, ұлым мектепте оқиды, қызым әлі кішкентай. Қорада он шақты қойымыз бар. Қыста үйде болғанда қой бағамын, бала-шағаммен бірге үйдің тіршілігін жасаймыз. Көктем шығып, күн жылына сала бауырларымды, көрші жігіттерді ертіп Қазақстанға келеміз. Әр жылы әрқалай тапсырыс түседі. Көбінесе біз ірі көлемді жұмыс алуға тырысамыз. Бір жазда бір-екі үйді қалап, көтеріп тастауға шамамыз жетеді. Ресей астанасынан бастап Санкт-Петербург, Новосібір, Самара, Қазан, Қазақстанның Астана, Алматы сияқты үлкен қалаларында 20-ға жуық үйдің қабырғасын көтеріппін", - дейді ол.
Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Depositphotos

Қабылжонның артынан ерген үш бауыры да қара жұмысқа әбден төселіп алған. Олар құрылысты жақсы меңгерген шебер ағаларының көмекшісі бола жүріп, баспана тұрғызудың қыр-сырын меңгеріп алған. Кезінде Қабылжонның өзі де ауылдас шебермен бірнеше жыл шетелге ілесе шығып, кірпіш қалауды үйреніпті.

Ағайынды жігіттердің сөзінше, кезінде әкелері оларды оқытуға талпынған. Алайда оқудан гөрі құрылысқа бейім екендіктері белгілі болып, жігіттердің өздері оқуға құлшыныс танытпапты.

"Қазақстанда бізге әртүрлі "қожайындар" кезікті. Кейбірі кеңпейіл, жатын орын, тамағын аямай, еңбегімізді жемей лайықты бағалады, құжаттарымызды заңды түрде реттеп берді. Ал енді бірі жатын орын тұрмақ, жұмысын бітіріп алып, келіскен ақшамызды бермей қашты. Ондайда ауылдағы әйелімізден, бала-шағамыздан ұяламыз. Сонша уақыт қаңғып жүріп, үйіңе ештеңе әкелмесең тауың шағылып қалатыны рас", - дейді жігіттердің бірі.
Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Depositphotos

Ерте көктемнің ызғары мен күздің қара суығы өзбекстандық азаматтарға кедергі емес.

"Алматының ауа-райы құбылмалы. Қайбір жылы қожайынның материалы болмай біраз күн күтіп қалған едік. Аяқ асты қар жауып, күн лезде суытып кетті. Сол уақыттарда жаздық күркенің астында қонған кезіміз болды", - деп еске алады құрылысшы жігіттер.

Жайлылықты талап етпей, мойнына алған жұмыс көлемін уақытында аяқтайтындықтан болар елімізде Өзбекстаннан келген еңбек мигранттарына сұраныс азаймай тұр.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Depositphotos

Қазақстанға келетін мигранттардың ішінде Өзбекстаннан келгендер көш бастап тұр. 2016 жылы 1 миллионнан астам өзбекстандық уақытша тіркеуден өтсе, олардың 300 мыңы елімізде жұмыс істеуге рұқсат алған. Мұндай көрсеткіш Халықаралық көші-қон ұйымының арнайы зерттеуінде жарияланды.

2017 жылы да Өзбекстан Қазақстанға ең көп еңбек мигрантын жіберген ел болып қалды. Бұл елге жеке тұлғалар жөнелткен қаражат сомасы көш басындағы Германияны ығыстырып тастаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1765832-zazda-eki-jdi-salyp-tastajtyn-zbekter-kazakstandagy-mirin-baandady/