Алматыда 7 баласымен моншада тұратын отбасыға кәсіпкерлер үй салып берді
Жарияланған күні:
Алматыда жеті баласымен моншада тұрып жатқан отбасына кәсіпкерлердің бірі жер алып берсе, екіншісі үй салып берді. Тағы көптеген қайырымды азаматтар кірпіш қалап, бүтін баспананы сыйға тартты. Бөтеннің жуынатын моншасын он жылдан бері паналап келген әулет жаңа жылды жаңа отауда қарсы алмақ деп хабарлайды "Еуразия" бірінші арнасы.
Жеті баланы құшақтаған ана әркімнің босағасын жағалап, үкіметтің 14 мың теңгелік жәрдемақысына күн көріп жүр.
"Көмегі жоқ қой. Әкімің қашып жүр үйге келмейді. Күмістің бергені 14 мың теңге. Алты баланы бақ дейді. Жете ма? Мысалы 14 мың теңгемен үкіметте отырғандар осындай жерде отырып, баға алама менің айтатыным", - дейді "Алтын алқа" иегері Гүлбану Ысқақова.
Шенділерге назын айтып жылаған көпбалалы отбасына ақыры атқамінерлер емес, теледидардан көрген әрбір қайырымды азаматтар қол ұшын созып, керегін әперген.
"Барлық көмектескен азаматтарға алғысым шексіз. Жаңа жылда жаңа баспана, қуанып жатырмыз", - дейді Гүлбану Ысқақова.
Айта кетейік, қуанышы қойнына сыймаған әулеттің баспанасы 130 шаршы метр. Енді жатарға орын таппай қиналып, қайта қайта аурушаң болған балалардың да әрқайсының өз бөлмесі бар. Отбасына бірі жер әперген, екіншісі іргетасын қалапты.
"Міне, бес ай ішінде мұқтаж отбасына үйді аяқтап та біттік", - дейді Зекет қорының Алматы облысы бойынша өкілі Нұрғали Исмаиылұлы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1771028-almatyda-7-balasymen-monsada-tratyn-otbasyga-ksipkerler-j-salyp-berdi/