Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Соттың ресми өкілі Гауһар Әлімбековаға қатысты істің мән-жайын айтты

Жарияланған күні:

Алты жылға сотталып, күні кеше қолхатпен бостандыққа шыққан Гауһар Әлімбекованың сотына байланысты істің мән-жайы анықталды. Бұл жайында Алматы қалалық сотының ресми өкілі Дияс Махамбетов Facebook парақшасында мәлім етті деп хабарлайды NUR.KZ.

Ресми өкіл халық арасында резонанс тудырған Гауһар Әлімбекованың сотына қатысты пікір білдірді.

"Осы істі қараған судья Қасымбековпен сөйлестім. Пост тек аталған судьяның процестік ұстанымы бойынша әзірленді және мен жұмыс істейтін Алматы қалалық сотының, яғни апелляцияның ұстанымын білдірмейді. Мақсатым - сот үкімінің логикасын қоғамға түсіндіру", - дейді Дияс Махамбетов.

Үкімнің мәні

"Ағымдағы жылғы 30 қаңтарда Алматы қалалық Алмалы аудандық сотының үкімімен Гаухар Әлімбекова алаяқтық, яғни адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен сенімді теріс пайдалану жолымен аса ірі көлемдегі бөтеннің мүлкін жымқырғаны (ҚК-нің 190-б. 4-б. 2-т.) үшін кінәлі деп танылды. Оған алты жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Прокурор оған сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Судья Әлімбекова мен Ордабаеваның зардап шеккендердің залалын өтемегендігін, жәбірленуші тараптың пікірін және жасалған әрекеттің ауыр қылмыстар санатына жатуын бас бостандығынан айыруға негіз ретінде таныды.

Әлімбековаға қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы үкім шыққаннан кейін өзгертіліп, ол қамауға алынды. Жазаны өтеу мерзімі 2019 жылғы 30 қаңтардан бастап есептеледі.

Бұған қоса, сот Әлімбековадан жәбірленуші Назарованың пайдасына азаматтық талап-арыз тәртібімен 14 151 400 теңге (40 000 АҚШ доллары) көлемінде материалдық залал өндірді. Бұл сомадан жәбірленуші тарапқа Әлімбекованың бұған дейін 1 075 000 теңге төлегені ескерілген", - дейді өз жазбасында Дияс Махамбетов.

Сондай-ақ ер адам осы үкім бойынша Феруза Ордабаеваның да кінәлі деп танылғанын айтты.

"Осы үкіммен және ҚК-нің аталған бабына сәйкес Феруза Ордабаева да кінәлі деп танылды. "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заңының кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерге жазаны азайтуды көздейтін талабына сәйкес оған түпкілікті үш жыл алты айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Оның тәрбиесінде кәмелетке толмаған екі баласы бар.

Ордабаеваға бұрынырақта осыған ұқсас қылмыстық құқық бұзушылықтар (барлығы 35 эпизод) жасағаны үшін тағайындалған екі жыл жеті ай бас бостандығынан айыру жазасы жоғарыдағы жазаның құрамында есептелді.

Сотталғандарға жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу туралы үкім шықты", - деп Алматы қалалық сотының ресми өкілі үкімді көпшілікке түсіндірді.

Істің мән-жайы

"2011 жылы Әлімбекова Ордабаеваны Назаровамен таныстырған. Осыдан соң сотталғандар алдын ала сөз байласып, алдау арқылы Назарованың ақшасын заңсыз иелену туралы келіскен. Әлімбекова 2013 жылдың қаңтарында Назарованың үйінде оған өзінің әкімдікте танысы барын және ол құрбысының баласының атына Алматыда 3 бөлмелі пәтер алып беруге көмектесе алатындығын хабарлаған.

Әлімбекова бұл жоспарды оның танысы Ордабаева арқылы "Қолжетімді баспана" мемлекеттік бағдарламасына сәйкес "Самұрық-Қазына" жылжымайтын мүлік қоры" арқылы жүзеге асыратындығын айтқан. Осы үшін Назарова Әлімбекова арқылы 40 мың АҚШ долларын беруі қажет болған және бұдан басқа ештеңе талап етілмеген. Назарова пәтер алуды көздеп, алданып қалғанын білмей, ұсынысқа келісімін берген", - дейді Дияс Махамбетов.

Сондай-ақ ресми өкілдің мәліметінше, 2013 жылдың маусымында Назарованың ұлы Тәкенов Гауһар Әлімбекованың пәтерінде тұрғын үй сатып алу үшін оған 14 мың АҚШ долларын берген.

"Мұнан соң 2013 жылдың 4 қыркүйегінде Әлімбекова мен Тәкенов Ордабаевамен кездескен. Ордабаева өз кезегінде Тәкеновке 684 мың теңге берген. Ол бұл ақшаны шарт жасасу үшін құрылыс компаниясының кассасына төлеуі қажеттігін ескерткен. Мұны Тәкенов орындаған. Сол күні алдын - ала жоспарлау арқылы Ордабаеваның нұсқауымен құрылыс компаниясы мен Тәкенов арасында Алматы қаласындағы "Ақкент" шағын ауданындағы үш бөлмелі пәтерді сатып алу туралы келісім-шарт жасалады.
Әлімбекова Тәкеновпен бірге барып, оны сыртта күтіп, Ордабаеваға беру үшін жасалған келісім-шарттың көшірмесін Тәкеновтен алады. Алайда, Әлімбекова мен Ордабаеваның алдауына түскен Тәкенов қол қойған келісім-шартты оқымаған. Тәкенов келісім-шартқа қол қоя отырып, пәтерді меншігіме алдым деп ойлаған. Алайда келісім-шартта бөліп төлеу талабы жазылған.

Сотталушылардың айтқанына алданған Назарова 2013 жылдың қараша айында Әлімбековаға қалған соманы – 23 мың АҚШ долларын береді", - деп жазды Дияс Махамбетов.

Сот отырысында жәбірленуші Назарова мен куәгер Тәкеновтің жауаптары жүйелі түрде бір жерден шығып, басқа да дәлелдермен сәйкес келген.

"Назарова сотқа дейінгі тергеуде және сотта "пәтер алып беремін" деп алдаған Әлімбекова екенін бірнеше рет айтқан. Ол ақшаны Әлімбекованың қолына берген. Өз кезегінде Әлімбекова барлық құжаттарды рәсімдеуге Тәкеновті бірге ертіп барған. Назарова Әлімбекованың ақшаны әрі қарай Ордабаеваға берген-бермегенін көрмеген.
Бұл мән-жайлар Ордабаеваның сотқа дейін тергеуде берген жауаптарымен сәйкеседі және сот тарапынан шынайы деп танылады. Осы жауаптарға сәйкес Ордабаева Әлімбековадан 40 мың АҚШ долларын алған.

Аталған соманың жәбірленушіде болғандығы оның банктен несие алғандығы туралы құжаттарымен және куәгерлердің жауаптарымен дәлелденді", - деді соттың ресми өкілі Facebook парақшасында.

Айта кететіні, жәбірленуші Назарованың ұлы Тәкенов пәтер кілтіне 2013 жылғы 4 қыркүйекте қол жеткізген. Бөліп төлеу арқылы пәтерді сатып алу туралы шарт талаптарын орындамауына байланысты ол 2015 жылғы 23 қыркүйектегі сот шешімімен үйден шығарылады.

"Әлімбекова бұл жағдайды Тәкеновтен естіп білген соң, онымен келісе отырып, 2015 жылдың тамызынан 2016 жылдың мамырына дейін оған ай сайын 100 мың теңгеден, жалпы сомасы 1 млн 75 мың теңге ақша берген. Осы ретте ол мәселені кейінірек шешуге уәде беріп, бұл жағдайды анасына айтпауын өтінген. Әлімбекова Тәкеновке ақша беруді тоқтатқан соң ол мұның барлығын анасына жайып салған.

Назарова мен Әлімбекованың арасындағы телефон әңгімелерінің сотта зерттелген жазбаларына сәйкес Әлімбекованың Назароваға ақша қарыз екендігі және оны қайтаруға міндеттенгендігі анықталды. Осы ретте ол 40 мың АҚШ долларын Ордабаеваға бергендігін айтқан", - деген Дияс Махамбетов сұрау салу барысында әншінің мұны жоққа шығарғанын айтты.

"Іс бойынша сұрау салу барысында Әлімбекова "мұндай мәмілені жасамадым" және "ақшаны алмадым" деп мәлімдеген. Алайда, зерттелген дәлелдемелер Әлімбекованың "Назарова мен Ордабаеваны таныстырмадым", "ақшаны иемденуге қатысым жоқ" деген жауаптарын жоққа шығарды.

Сот жәбірленушіге Ордабаеваның шын мәнінде мемлекеттік бағдарлама бойынша көзделген сомаға пәтер рәсімдеу мүмкіндігі жоқ екендігін біле тұра Әлімбекованың жалған мәлімет бергендігін назарға алды. Сот ұрланған ақшаны Әлімбекованың алғандығын дәлелдеді", - дейді Дияс Махамбетов.

Сондай-ақ сот Тәкеновті пәтерден шығарып жіберген соң Әлімбекова жәбірленушілерге қарызын мойындап, оны төлеуге міндеттенгендігі де назарға алынғандығын айтқан.

"Қазіргі таңда сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Оған процестік заңға сәйкес Алматы қалалық сотының апелляциясында шағым түсірілуі мүмкін. 2019 жылдың 4 ақпанында Алматы қаласының Алмалы соты Әлімбекованың адвокаты берген өтінішхатты қанағаттандырып, үкім заңды күшіне енгенше оған тағайындалған "күзетпен ұстау" шарасын "ешқайда кетпеу жөніндегі бұлтартпау" шарасына ауыстырды.

Сот Әлімбекованың тергеу кезінде бұлтартпау шарасын бұзбағандығын, тұрақты мекен-жайы барын, бұрын сотталмағандығын және мінезі оң сипатталатындығын ескерді", - деп жазбасын аяқтады Алматы қалалық сотының ресми өкілі Facebook парақшасында.

Еске сала кетейік, 30 қаңтар күні Гауһар Әлімбекованың"алаяқтық" бабымен айыпты деп танылып, 6 жылға бас бостандағынан айырылғаны белгілі болды.

Осыдан кейін журналист Бибігүл Дәулетбекқызы көпшілікке әншінің құрбысына қарыз болған 40 мың АҚШ долларын жинап беруді ұсынды.

Отандық өнер иелері де журналистің сөзіне қолдау білдіріп, Гауһар Әлімбековаға көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Әншінің адвокаты Жұмағали Зинелов істің мән-жайын ашып айтып, Әлімбекованың да бұл істе құрбан екенін мәлім етсе, танымал заңгер Орынбасар Тілепбергенов әншінің қандай жағдайда бостандыққа шыға алатынын айтқан еді.

Сонымен қатар, Гауһар Әлімбекованы сотқа берген құрбысы Бақыт Назарова іске қатысты пікір білдіріп, құрбысының абақтыға жабылғанын қаламағанын айтқан болатын.

Ал Гауһардың ағасы Әділхан Әлімбеков қолдау көрсеткен барша жұртқа алғысын білдіріп, оқиғаның мән-жайын өзі баяндады.

Күні кеше әнші қолхатпен бостандыққа шығарылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1776853-sotty-resmi-kili-gauar-limbekovaga-katysty-isti-mn-zajyn-ajtty/