Нұр-Сұлтандағы наиб имам ауызашар үшін 10 млн тастап кеткен жан туралы айтты
Жарияланған күні:
Қасиетті Рамазан айында елорданың мешіттері жыл сайын халыққа ауызашар ұйымдастырып отырады. Биыл да бұл дәстүр жалғасын тапқан. Барлық шығын демеушілердің қаражаты есебінен өтеледі. Ал жомарт жандар өз есімін атамауды сұрап, кейбірі тіпті ауызашар үшін қомақты қаржы да қалдырып кетеді екен деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Басылым Нұр-Сұлтанның мешіттерін аралап, ауызашарға қанша адамның келетінін және қанша ақша жұмсалатынын біліп қайтқан.
Мәселен биыл "Нұр-Астана" мешітінде тағы үлкен шатыр тігілді. Оған 400 адам сыйып кетеді. Мешіттің бірінші наиб имамы Бекзат Ақжігітовтың айтуынша, биыл танымал мейрамханалардың бірі тамақ пісіріп, ауызашар ұйымдастыруға келіскен.
Ал барлық шығын демеушілердің қаражаты есебінен өтеледі. Ондай адамдар ауызашардың ақшасын өз еркімен беріп, дұға оқытуды сұрайды.
"Бізде бір адамға 2,5 мың теңге кетеді. Сонда бір күнде 400 адамға 1 миллион теңге керек. Оны бір адам немесе бірнеше адам қосылып ұйымдастырады. Оларға өздерімен бірге 30 адамға дейін қонақ әкелуге болады. Қалған 370 орын талонмен жамағаттың арасында таратылады. 1 миллион теңгені беріп, біздің атымыздан дұға оқи саласыздар ғой деп, кетіп қалатындар да болады. Тіпті, 10 миллион тастап кеткен адам да бар. Сөйтіп, он күннің ауызашарын төлеп отыр", - деді Ақжігітов.
Оның сөзіне қарағанда, ауызашар бергісі келетіндер көп. Бірақ 30 күннің бәрі толып тұр. Сол себепті мешіт ол ақшаны қабылдай алмайды.
Ауызашар беруге асығатын жандардың арасында қарапайым халық та бар екен. Ал кейбір демеушілер ауызашардың ақшасын төлегенімен өз есімдерін жарияламауды өтінеді екен.
Елордада ауызашарды жеке бастама ретінде ұйымдастыратын бір топ жігіт те бар. Олар да өздеріне жарнама жасамауды сұраған. Алайда игі бастаманы қалай қолға алғандарын айтып берді.
"Біз осымен үшінші жыл ауызашар ұйымдастырып жатырмыз. Алғашқы жылы өзіміз ғана Рамазан айында күніне үзбей, 30-35 адамды жинап, барлығы 1 000 адамға ауызашар береміз деп ниет қылдық. Алланың қалауымен сол жылы 1700 адамнан асты. Өткен жылы 3 000 деп ниет еттік. 3 700 адамға жеткіздік. Енді биыл 5 000 деп отырмыз. Кеше оразаның 15-ші күні 2 774-ке жетті", - дейді олар.
Бүгінде аталған бастамаға қосылып жатқандардың саны артып келеді. Бір күнде 100-180 адамға ауызашар жасайтындар да бар. Қарапайым адамдар да қалыспайды. Мәселен, таксист жігіттер бір-екі адамның ақшасын аударып, ауызашар беруді сұрайды.
"Енді, әрбір адам ауызашарды өз үйінде де бере алады ғой. Бірақ жамағаттың сауабы деген түсінік бар. Мысалы, қазір үш дәмханада күніне 170-180 адам ауыз ашады. Олардың дені – студенттер, университет пен колледжде оқитын жастар. Бәрі ораза ұстап жүр. Бір жағынан олар тамаққа ақша іздемейді. Бір ай бойы ауызашарын уайымдамай, тамағын ішіп, дұрыс ортада жүреді. Сосын жастар мұны эстафета ретінде, жақсы амал ретінде жалғастырып кете алады", - дейді жігіттер.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1795434-nr-sltandagy-naib-imam-auyzasar-sin-10-mln-tastap-ketken-adam-turaly-ajtty/