"Күйеуім қаламайды": Бала туған соң семіріп кеткен қызылордалық әйел мұңын шақты
Жарияланған күні:
Кез-келген әйел адам дене мүсінінің сымбатты болғанын қалайды. Көрікті параметрлер үшін диета ұстап, спортпен ұдайы шұғылданатындар да жетерлік. Алайда Қызылорда қаласының Толқын есімді тұрғыны арықтаудың бұл тәсілдерін қолдана алмайды. Себебі жас келіншектің 3 айлық емізулі баласы бар деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Босанғаннан кейін 25 келі салмақ қосып алған әйел өз қалпына қайта келе алмай жүр. Күйеуі болса күннен-күнге салқындап, Толқынды өзімен ертіп жүруге қысылатынды шығарған.
Тіпті дене пішіміне қатысты сын айтып, намысына тие беретін көрінеді. Қиын жағдайда қалған ана KAZ.NUR.KZ тілшісіне жан сырын ақтарды.
Толқын осыдан төрт жыл бұрын тұрмысқа шыққан. Жас жұбайлар тұңғыш сәбилерін көп уақыт күткен екен.
Жас келіншек біршама уақыт ем қабылдап, әрең дегенде аяғы ауырлаған. Көптен күткен жаңалықты естігенде күйеуі де айрықша қуаныпты.
«Күйеуім екеуміз тұңғыш сәбиімізді асыға күткен едік. Екіқабат кезімде көп тамақ жейтін болып кеттім.
Тіпті түн ішінде тоңазытқышты ашып, тәтті дүниелермен шай ішіп алатынмын. Күйеуім бұл әрекетіме күле қарайтын. Жегім келген азық-түліктерімді де толтырып әперетін.
Ол кезде мені дене мүсінім мүлдем алаңдатпаған еді. Қазір мүлдем жағдай басқаша», - дейді Толқын.
Жас келіншек перзентханадан кейін жағдай өзгеріп кеткенін айтады.
Бұрын 44 өлшемдегі киім киетін Толқын қазір 52 өлшемдегі көйлектерді алатын болған. Күйеуінің өзіне салқындап келе жатқанын қызылордалық әйел бірден сезгенін айтады.
Үйленген жылдары жас жұбайлар жиі жақындасатын болса, бүгінде төсек қатынастары мүлдем азайып кетіпті.
«Күйеуім екеуміз бірге моншаға түскенді жақсы көретінбіз. Қазір менің жалаңаш денемді көргісі келмейді. «Шошқаға ұқсайсың» деп ренжіте береді.
Арық кезімде мені жиі аймалап, төсекке сүйрей беретін. Қазір жарымнан жылылық сезінбейтін болдым», - дейді келіншек.
Толқын бірнеше мәрте арықтауға тырысқанын айтады. Диета ұстағанымен көзге көрінер нәтиже жоқ екен.
Бала емізетін анаға дәрігерлер спортпен шұғылдануға тыйым салыпты. Сүт тарқап кету қаупі бар екен. Оның үстіне жас келіншектің жиі қарны ашып, тәттілерге тәбеті артатын көрінеді.
«Қазір күйеуімнің көзінше тамақ ішуге ұялатын болдым. Маған жиіркенішті көзімен қарайтын сияқты.
Бала емізетін болған соң, асқазаныма түскен тамақтың құнарлығын сезінбей қаламын.
Көбіне жарым жұмыстан келемін дегенше, тойып тамақ ішіп аламын. Ол келген кезде жай ғана шұқылап ауыз тигендей отырамын», - дейді Толқын.
Қызылордалық келіншек соңғы уақытта күйеуінің порнофильмдерге әуестігі артып жүргенін байқағанын айтады. Тіпті әйелінің көзінше ғаламтордағы «бұзық сайттарға» кіріп отырады екен.
Толқын күндердің күнінде өз жары отбасын тастап кете ме деп қатты қорқады. Оның үстіне сүйіктісі жұмыс жасайтын кеңседе сымбатты қыз-келіншектер өте көп екен.
«Қазір көп келіншектер отбасын құрғаннан кейін өз-өзіне қарауды қояды. Бала күтімінен бұрынғыдай сұлулық салондарын жағалауға да уақыт бола бермейтіні рас. Мен де осы қателікке бой алдырғанымды түсініп отырмын.
Күйеуімнің өзге әйелдерге тамсана қарағанын көргенімде қатты жүрегім ауырып кетеді. Бірге қыдырып, бірге отырыстарға баруды мүлдем қойдық.
Ол менің семіздігімнен ұялады», - дейді қызылордалық келіншек.
Толқын баласын ертерек омыраудан шығарып, спортзалға баруды көздеп отыр. Өйткені, артық салмақ отбасын ойран еткенін қаламайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1810186-kjeuim-kalamajdy-bala-tugan-so-semirip-ketken-kyzylordalyk-jel-myn-sakty/