"Жаман ырым бар": Қыз баланың тұсауын кескен дұрыс па
Жарияланған күні:
Қазақта қаз-қаз тұрған сәбидің тез жүгіріп кетуі үшін жасалатын дәстүр тұсаукесер деп аталады. Халқымыздың ежелгі салты бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Ал біз тұсауды дұрыс кесіп жүрміз бе? Жалпы қыз баланың тұсауын кескен дұрыс па? Жасы тоқсанға таяған ақсақалдың әңгімесін естіген азамат осы тақырып аясында сөз қозғады деп жазады "Замана" басылымы.
"Өздерін зиялылар қатарына қосып жүрген үш әйел қайшыларын қайшылап, енді ғана қадам баса бастаған кішкентай қыз баланы жарты сағат бойы шырылдатып, тұсауын үш мәрте кесті. "Тұсауды" бірі шығыстағы қысық көзді көршіміз синтетикалық мақтамен ширатып әзірлеп берген базардағы ала жіппен, екіншісі кепкен тоқ ішекпен, үшіншісі қураған көк шөппен жасады.
Үшеуі де еңкейіп-тұруы қиындау әйелдер екен, ала келген «жіптерін» сондағы қызметте жүрген келіндеріне байлатты. Еңкейе алмайтын бірі тіпті ортаға үлкен үстел қойдырып, баланы соның үстіне шығарып, күрмеуін шешті. Мұны көрген қасымда отырған жасы тоқсанға тақап қалған Ысқақ қария қайта-қайта басын шайқаумен болды",- деп бастады ол.
Жігіттің айтуынша, қазіргі тұсаукесер тойларға бірінші рет қатысып отырған қария салттың өзгергенін алға тартыпты.
"Тұсауды қатын кесті деген не сұмдық?! Ер адам кеседі ғой, айналайындар-ау! Сосын қыз баланың тұсауы кесілмейді, жүріс алып кетеді деген жаман ырым бар, өмірде шалыс баспасын, сүрінбесін деп ер баланікін кеседі. Ала жіп байлағандарың дұрыс, бірақ ала мақта емес қой? Төрт түліктің бірі – қой жүнін ширатып байласаңдар болмас па? Жалпы, тұсауды адамның лауазымына қарап емес, кімге ұқсағанын қалайсың, жарлы болса да соған кескізгендерің дұрыс. Көк шөп – туған жерінде көктесін, тоқ ішек – баланың іші-сырты майлы болсын, ала жіп – ешкімнің ала жібін аттамай, адал азамат болып өссін деген мағынаны береді, қарақтарым! Баланың тұсауын бүгінгідей қайта-қайта емес, бір мәрте ғана кескендерің жөн",- депті ақсақал.
Бірақ, көпті көрген қарт әйелдердің бұл шарада мүлдем миссиясы жоқ екен деуден де аулақ екен.
"Әжелер алақан жайып ақ тілек білдірсе, сыйлы ағасы тұсауын кесіп жатса, ажарлы абысын, өнерлі келіншек сүйінші сұрап жетелеп жүрсе, жарасымды болмас па? Қиылған ала жіпті бала көтермей жүрген келіншекке ырымдап тартса, көп ұзамай құрсақты болады деген ырым да бар. Мына жерде әне бір еркектеріңнің тұсау қиындыларын ырымдап қалталарына салып жатқанын байқап қалдым.
Баланың алдына кес-кестеп қойып жатқан ақша, әмиян, шаппа, телефон сияқты заттарыңа жол болсын? Бұл кәрістерден келген жора. Бала қиялын қызықтауы үшін домбыра, кітап, қамшы, асық сынды заттар қойып жатса, сөкеттігі болмас еді. Ал тұсау кескен адамға бүгінгідей жастық-көрпе бермейді, шапан не кебіс кигізеді",- деп түсіндіріпті ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1821672-zaman-yrym-bar-kyz-balany-tsauyn-kesken-drys-pa/