Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде көз жұмған 5 жасар қыздың ата-анасы дәрігерлердің жазалануын талап етуде

Опубликовано:

Ақтөбеде бес жасар бүлдіршіннің өліміне қатысты шу басылар емес. Қыз баланың әкесі ақ халаттылардың сөзімен келіспейді. Ол баласын шырылдатып үш аурухананың ортасында сенделткен дәрігерлер заң алдында жауап бергенін қалайды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Марқұмның ата-анасы. Фото: KAZ.NUR.KZ
Марқұмның ата-анасы. Фото: KAZ.NUR.KZ: Original
"Алдағы уақытта мынадай оқиғалар болмаса екен. Қызымның қазасы дәрігерлердің қателігінен болды. Ол көзге көрініп тұр. Ем жүргізудің орнына бізді әр жерге сілтемелеп, асқындырып жіберді. Сол күні тек жас дәрігерлер қабылдады. "Баланы қалдырыңыздар" деп әр жерге жалындық. Олар уақытты өткізіп алды.
Балаға ешқандай құтқару әрекеті жасалған жоқ. Біз дәрігерлердің жазалануын талап етеміз. Дәрігерлер бала өмір бойына ауырған үлкен адамдай қылып айтып жатыр. Осындай жағдайға жеткізген дәрігерлер жауап берсін",- дейді қыздың әкесі Ахметов Қажымұқан.

Ауруханаға өз қолымен көтеріп апарған баласынан айрылып қалған ана өзін жұбата алар емес.

"Бізді үш аурухананың арасына ерлілі-қарсылы сүйрегеннен басқа ешқандай медициналық көмек көрсеткен жоқ. Инфекциялық ауруханаға екі рет бардық. Қайта-қайта шақырған соң жедел жәрдем қызметінің өзі бізді тасуға қарсылық білдірді. Соңында біз аурухананың машинасына мініп кеттік.
Сол күні... Есін жинай алмай жатқан баланың қасына мені жібермеген соң үйден керек-жарақты алып келуге барайын деп жатқанмын. Жексенбі болатын. Реаниматолог келіп жақындарымды шақыруды сұрады. Мен баланың анасы екенімді және жағдайды өзіме айтуды талап еттім.
Олар "Біз қолымыздан келгеннің бәрін жасадық, баланың жүрегі тоқтап қалды" дегенде өзімді ұстай алмай жылай бердім. Мені анам келгеннен кейін ғана баланың қасына жіберді. Оның бетін жауып тастаған. Қасында шыбын ұшып жүрді. Ол инфекциялық аурухана.
Қызымның бетін ашқанымда ол салқындап, жансызданып қалған. Қараудың өзі қиын. Балам бірінші рет ауруханаға түсіп тұр.
Ол сол күні түнде су беріп жатқанымда "Мама, үйге қайтайықшы, мен ауырмаймын" деген еді. Сол сөздерін ойласам жаным ауырады. Облыстық балалар ауруханасы бірден қабылдағанда баланы құтқарып қалуға болар еді. Олар баланың әлсіз күйін көріп тұрып, ешқандай әрекет жасаған жоқ", - дейді анасы Ахметова Алмагүл.

13 қараша күні Ақтөбеде бес жасар қыз баланың көз жұмғанын хабарлаған едік.

Жақындары кішкентай қыздарының мезгілсіз қазасына дәрігерлерді кінәлап, үш аурухананың арасында жүріп қалып, уақыт жоғалтқанын айтқан еді.

Бұған қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасы пікір білдіріп, тәуелсіз тексеру комиссиясы құрылғанын айтып, өлім себебі жедел респираторлық-вирустық инфекция деген болатын.

Кейін бұл мәселені министрлік пен облыс әкімі бақылауға алды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1827452-aktbede-kz-zmgan-5-zasar-kyzdy-ata-anasy-drigerlerdi-zazalanuyn-talap-etude/

pixel