Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Көп ақша жұмсамай-ақ дүркіретіп той жасау үшін не істеу керек

Опубликовано:

"Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасау" қазақ халқы үшін үйреншікті жағдай. Алайда көптеген ата-ана ұлын ұяға, қызын қияға қондырғанда қарызға белшесінен батып жатады. Олар "жұрттан қалмайық" деген ұстаныммен есепсіз ақшасын шашып, осындай жағдайға тап болуда. Шындығына келетін болсақ, үлкен шығынсыз керемет той өтпейді деу қате пікір. Осы орайда KAZ.NUR.KZ порталы Massaget басылымына сілтеме жасап шығынсыз той жасаудың 7 кеңесін ұсынады.

Көрнекі фото: pixabay.com
Көрнекі фото: pixabay.com: Facebook

Егер төмендегі кеңестерді іске асыра білсеңіз несие алып, қарызға батып, тойдан кейінгі тәтті күнді сары уайыммен бастамайтын боласыз.

Үнемдеу дегеніміз сараңдық таныту деген сөз емес, ысырапшылдықтан сақтану.

1. Той қамына ерте кірісіңіз

Алдын-ала жоспарланған тойдың шығыны анағұрлым арзан болатынын есте сақтаңыз. Салтанаты келіскен сапалы мейрамханалар мен таңдаулы той жүргізушілері бірнеше ай бұрын тапсырыс қабылдап қоятынын естен шығармаңыз. Мейрамхана мен қажет қызмет түрлеріне тапсырыс беріп, алдын-ала келісіп қою бюджетіңіздің 20-40 пайызын үнемдейді. Бірақ "ерте тапсырыс берем" деп, асығыс шешім қабылдап қоюдан сақтаныңыз.

2. Той жасау уақытын белгілеуде асықпай ойланыңыз

Мысалы, шілде-қыркүйек айында той жасау қымбат, қараша, қаңтар, ақпан айларында арзанырақ болады. Қолайлы уақытқа тап келсеңіз, қалтаңызды себепсіз жұқарудан сақтайсыз.

3. Мейрамхана таңдауда асығыстық танытпаңыз

Тізімдерді анықтап алып, көңіліңізден шыққан бірнешеуіне қонақ болып қайтыңыз. Мейрамхана әкімшілігімен кездесіп, нақты ұсыныстар мен өтінішіңізді жеткізіп, келісім шарт жасасыңыз. Кей тағам түрлерін өзіңізбен бірге алып баратыныңыз, немесе оның мейрамхана тарапынан дайындалатыны қаншалық айырмашылық көрсететінін есептеңіз. Кейде барлығын мейрамхана қамтамасыз ететін жағдайда кәдімгідей арзанға түсетіні де бар.

4. Тойды аптаның қай күні жасайтыныңызды ойланыңыз

Қазақтың тойы көбіне сенбі-жексенбіге белгіленеді. Ертесі демалыс деп өз-өзімізді алдаусырататынымыз болмаса, көңілді тойдан адам дүйсенбі күні де демалып қайтатынын ұмытпаңыз. Жұмыс күндері той жасау да бүгінгі күні қалыпты жағдайға айналып барады. Есесіне қызмет түрлерін таңдау мен баға жағынан үлкен айырмашылықты сезінесіз. Бұл сіздің бюджетіңізді сақтайды.

5. Тойға келетін қонақтар санын нақтылаңыз

Кеңпейілділікке салынып, көңілін қимай шақырған біраз қонақтарыңыздың жартысы тойға келмей, босқа шығынға батып қалудан сақтаныңыз. Қонақтар тізімін нақты дайындап болғаннан соң, екі-үш қайтара тексеріп шығуды ұмытпаңыз. Мейрамхана әкімшілігімен келісіп, мейлінше аз орынға тапсырыс беруге тырысыңыз.

Той жақындап, қонақтарыңыздың саны артып жатса қосымша орындарға тапсырыс беру оңай. Ал көп қонақ келмей, бірнеше орын артылып қалса да барлығын төлеуге тура келетінін есте сақтаңыз.

Сондықтан, тойға екі-үш күн қалғанда қонақтарыңызға хабарласып, нақтылап алғанның да артығы жоқ.

6. "Тойға келетін сыйлықтар сомасымен шығынды жаба саламын" деген оймен өзіңізді алдаусыратпаңыз

Қонақтар әкелуі мүмкін сыйлықтар есебін болжап шығарыңыз. Сіздің тойға жұмсайтын бюджетіңіз сол болжанған сыйлық сомасынан көп асып кетпеуін қадағалаңыз. Сонда қалтаңыздан нақты қанша қаражат кететінін шамалап болса жоспарлай аласыз.

7. Ең соңғы негізгі кеңес — той өткеннен кейінгі күнді де ескеріңіз

Тойдың болғанынан "боладысы" қызық екені рас. Ел есінде сақталатын ерекше той жасау – жұмсалған есепсіз қаражатпен емес, ақылмен, есеппен жасалатынын есте сақтаңыз.

Сондықтан себепсіз жүйке жұқарту, сабыла уайымдау, бойыңыздағы энергия мен қалтаңыздағы қаражатты бос шашудың орнына өзіңізге өзіңіз көмектесіп, ақылмен басқара білсеңіз – кез келген тойды дүркіретіп өткізе алатыныңызға көзіңіз жетеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1830301-kp-aksa-zmsamaj-ak-drkiretip-toj-zasau-sin-ne-isteu-kerek/

pixel