"Жыланның уы": Қазақстандық әйел қауіпті коронавирустың емін тапқанын айтты
Жарияланған күні:
Қазақстандық келіншек Ухань қаласында пайда болған жаңа коронавирустың емін тапқанын айтты. Бейне Қаржаубаева ғаламды алаңдатқан дерттен жыланның уы арқылы айығуға болады дейді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Заманаға" сілтеме жасап хабарлайды.
Түркістан облысы Төлеби ауданы Зағамбар ауылының тұрғыны Бейне Қаржаубаева коронавирус жайлы білу үшін тылсым әлеммен байланысқа шыққан.
"Мен тылсым әлеммен байланысып, бұл ауруды қалай емдеуге болатыны туралы сұрақ қойдым. Сауалыма кеше жауап алдым. Одан жыланның 1 грамм уына екі жұмыртқаның ақ уызын араластырып, соны тамақ астынан өкпе тұсына дейін жағу арқылы емделуге болады.
Дәрмекті күніне таңертең және кешке, екі мезгіл, бір-екі ай бойы жағу қажет. Сонымен қатар, табиғи жеміс шырындары мен айран ішіп тұру керек", – дейді ол.
Келіншектің сөзінше, кез келген сауалдың жауабы оның құлағына естіліп тұрады.
"Қытайдан шыққан ауру туралы жаңалықтардан естігесін, ғаламтордан оқыған соң тылсым әлемге сұрақ қоюды шештім. Мен сұрақты ойша қоямын, жауап әр кезде әрқалай келеді. Құлағыма естіліп тұрады.
Менің адам емдейтінім бар. Кезінде өкпесі қабынған адамдарға шөптен жасалған дәрілермен шипа дарытқан кездерім болған. Әлгі ауруға мен айтқандай емді қолданып көру керек. Пайдасы болмаса, зияны тие қоймас деп ойлаймын.
Өзім мұндай тәсілмен адам емдеп көрген емеспін. Бірақ тылсымнан келген хабарға сенемін. Қытайда адамдар ауырып, дертті басқа елдердің де тұрғындары жұқтырып алып жатыр дегенді естігесін тылсым дүниеге осындай сұрақ қойып, осындай жауап алдым. Бұл емді қолданып, тәжірибеден өткізіп көрсе болады ғой", – дейді Қаржаубаева.
Айта кетейік, 26 қаңтарда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдағы коронавирустың елімізде таралуының алдын алуды тапсырды.
Осыған байланысты Қазақстанның премьер-министрі Асқар Мамин жиын өткізді.
Кейінірек мәжіліс депутаты Қытай мен Қазақстан арасындағы барлық шекараның жабылғанын мәлімдеді.
Кезекті жиында Жандарбек Бекшин үкіметтің Уханьдағы қазақстандық студенттерді эвакуациялау мүмкіндігін пысықтап жатқанын мәлімдеді. Бүгінде аталған қалада қауіпті вирустан 80 адам көз жұмды.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1838157-zylanny-uy-kazakstandyk-jel-kauipti-koronavirusty-emin-tapkanyn-ajtty/