Мамин халықты коронавирустан қорғау мәселелері жөнінде кеңес өткізді
Жарияланған күні:
Қазақстанның премьер-министрі Асқар Мамин Қазақстан аумағында коронавирустың тарауына жол бермеу және оның алдын алу шаралары жөнінде кеңес өткізді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы премьер-министрдің ресми сайтына сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрі Біртанов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Атамқұлов, мәдениет және спорт министрі Райымқұлова, сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Нұрышев, Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Бекшин, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің директоры Ділманов, сондай-ақ Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының басшылығы орын алған жағдай мен әрекет ету шаралары туралы баяндады.
"ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдан Қазақстан аумағына коронавирустың таралуына жол бермеу бойынша шешуші ұйымдастыру шараларын қабылдауды тапсырды", — деді Мамин.
Кеңес қорытындысы бойынша Үкімет басшысы келесі кешенді алдын алу шараларын қабылдауды тапсырды:
- Мемлекеттік шекарадан өткізу бекеттерінде, оның ішінде әуе, автокөлік және темір жол көлігі нысандарында санитарлық-эпидемиологиялық және көші-қон бақылауын күшейту;
- ҚХР-дан келген барлық адамдарға тұрғылықты мекенжайы бойынша медициналық бақылау орнату;
- Эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда халыққа қажетті көмек көрсететін медициналық ұйымдардың дайындығын қамтамасыз ету;
- Қытайға қызметтік іс-сапарларды шектеу, сондай-ақ жеке істер мен туристік мақсаттарда бармауға кеңес беру;
- ҚХР-дан келетін транзиттік жолаушыларға ҚР аумағына 72 сағаттық визасыз келу режимін уақытша тоқтату;
- "Қорғас" ШЫХО қазақстандық бөлігінің жұмысын уақытша тоқтату;
- ҚХР аумағындағы қазақстандық азаматтармен оларға консулдық және өзге де көмек көрсету мақсатында жұмысты жандандыру;
- Мемлекеттік органдар коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау жөніндегі іс-қимылды үйлестіру мақсатында ҚХР және басқа да мүдделі елдердің тиісті мемлекеттік құрылымдарымен қажетті өзара іс-қимылды ұйымдастыруы тиіс;
- Қажет болған жағдайда ҚХР Ухан қаласында жүрген Қазақстан студенттері мен ҚР басқа да азаматтарын шұғыл эвакуациялауды қамтамасыз ету;
- Премьер-Министрдің орынбасары Б. Сапарбаевтың төрағалық етуімен ведомствоаралық комиссия құру, оған Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеу тапсырылды.
Еске сала кетсек, өлімге әкелетін коронавирус Қытайдың барлық провинцияларына таралған. Елдегі науқастардың саны 1300-ге жетті, 40-тан астам адам жапа шекті.
Бұған дейін өлім вирусының "отаны" болған аспан асты елінің қаласында коронавирусты жұқтырған барлық науқастар орналастырылатын емхана салу жоспарланып отырғаны айтылды. Медициналық мекеменің құрылысын 6 күнде аяқтау жоспарланған.
Одан бөлек, Қытайдың патогендік микроорганизмдерді сақтау ұлттық ұйымы коронавирустың жаңа түріне қатысты ақпарат пен оның электронды микроскоп көмегімен жасалған алғашқы суретін жариялады.
Айта кету керек, Қазақстанда қауіпті инфекция оқиғалары болған жоқ.
Бүгін Тоқаев Қытайдағы коронавирустың елімізде таралуының алдын алуды тапсырды.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1837889-mamin-halykty-koronavirustan-korgau-mseleleri-zninde-kees-tkizdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.