Сапарбаев: Қордайдағы оқиғадан кейін 25 қылмыстық іс қозғалды
Жарияланған күні:
Вице-премьер Бердібек Сапарбаев 7 ақпан күні Қордай ауданында болған тәртіпсіздіктен кейін 25 қылмыстық із қозғалғанын мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "NewTimes.kz" агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
"Бүгінде жаппай тәртіпсіздік пен жаппай тәртіпсіздікке шақыру, адам өлтіру, бұзақылық, билік өкілдеріне қатысты күш қолдану, мүлікті бұзу және қаруды заңсыз дайындау фактілері бойынша 25 қылмыстық із қозғалды",- деді Сортөбе ауылындағы брифингте сөйлеген Сапарбаев.
Премьер-министрдің орынбасары басты міндет кінәлілерді табу екенін айтты.
Еске сала кетейік, Жамбыл облысы, Қордай ауданында 7 ақпан күні жергілікті тұрғындар арасында болған жанжалдан 8 адам қаза тауып, 40-тан аса адам әртүрлі жарақат алған.
9 ақпанда тағы екі адамның қайтыс болғаны хабарланып, жаппай тәртіпсіздіктен көз жұмғандар саны 10 адамға жетті.
Бүгін Бердібек Сапарбаев бастаған үкімет комиссиясы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан Әлжан ана ауылының тұрғыны Дархан Әбдірахымның отбасына барып, көңіл айтты.
Ал Денсаулық сақтау вице-министрі Қамалжан Надыров Қордайдағы жанжалдан қайтыс болған азаматтардың жақындары мен туыстарына көңіл айтты. Ол Төтенше жағдай кезінде денсаулық сақтау министрлігі қандай жұмыстар атқарып жатқанын түсіндіріп өтті. Надыровтың сөзінше, бүгінде 14 адам жансақтау бөлімінде жатыр.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1840275-saparbaev-kordajdagy-okigadan-kejin-25-kylmystyk-is-kozgaldy/