Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әкем туралы айтпағанмын": Нұрлан Еспановтың ұлы ашық сұхбат берді

Опубликовано:

Бүгінде отандық әнші әрі сазгер Нұрлан Еспановты білмейтін адам кемде-кем. Эстрада жұлдызы халыққа шығармашылық туындыларымен қатар, ақжарқындығымен, риясыз көңілімен сыйлы. Соңғы уақытта өнер иесінің ұлы да танымалдылыққа ие болып келеді. Олжас Еспанов қайырымдылық жасап, мұқтаж жандарға қол ұшын беріп жүр. Әншінің ұлы өнер саласына бет бұрғысы келе ме? Нұрлан Еспановпен құда болғысы келетіндер көп пе? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін KAZ.NUR.KZ тілшісі Олжастың өзімен сұхбаттасқан еді.

Олжас Еспанов. Фото: Instagram/ espanov_olzhas
Олжас Еспанов. Фото: Instagram/ espanov_olzhas: Original

-Олжас, жастайыңыздан "Нұрлан Еспановтың ұлымын" деген мақтаныш болды ма? Қазір көпшілік сізді эстрада жұлдызының ұлы ретінде танып жата ма?

Мен ешқашан әншінің ұлымын деп мақтанған емеспін. Бала күнімде де, мектеп қабырғасында да әкемді айтпағанмын. Тіпті, жиналыстарға да шақырмайтынмын. Тек мектеп бітіру кешіне келді. Сонда да, "Сен Нұрланның ұлы емессің бе?" деп танып жататындар көп.

-Қазір туризм және журналистика мамандығы бойынша біліміңіз бар. Алдағы уақытта қай салада қызмет етуді жоспарлап жүрсіз? Өнерге келу ойыңызда бар ма?

Келешекте қос салада да жұмыс істеуім мүмкін. Бәлкім, өнер жолына бет бұрармын. Қазір алғашқы әнімді жаздыру үстіндемін. Әкеме тыңдаттым, оның көңілінен шықты. Енді қайта өңдеп, жарыққа шығарамыз. Одан бөлек, толықметражды фильмнің кастингіне шақырды. Бағымды сынап көрдім, енді жауабы 3-4 айдың көлемінде шығады.

- Әкеңіз сияқты сазгерлік қабілетіңіз бар ма? Ән айтудан бөлек, бос уақытыңызда немен айналысасыз?

Билегенді ұнатамын. Жастайымнан Майкл Джексонның биіне қызығып өстім. Университет қабырғасындағы байқауда ән айтып, Майкл Джексонның биін билеп, жеңіске жеткенім бар. Бос уақытымда сурет салуды да жаным сүйеді. Домбырада, гитара мен фортепианода ойнаймын.

Олжас Еспанов. Фото: Жеке мұрағаттан/ NUR.KZ
Олжас Еспанов. Фото: Жеке мұрағаттан/ NUR.KZ: Original

- Университет қабырғасы демекші, студент кезіңізде сабаққа немқұрайлылық танытқан кездеріңіз болды ма?

Жақсы оқуға тырыстым. Сабаққа бармай, оқымай жүрсең, "Нұрланның баласы оқымайды. Әкесінің арқасында жүр" деген пікір пайда болады емес пе? Сондықтан, төрт жылда сабақтан себепсіз қалып көрмедім. Әкемнің атына кір келтіргім келмейді.

- Әкеңіз үнемі гастрольдік сапарда жүреді. Үйде көп болмайды. Бала кезіңізден бері әке тәрбиесін жеткілікті түрде ала алдым деп ойлайсыз ба?

Әрине, әкем тәрбиені жеткілікті түрде берді. Үйде бала тәрбиесімен анам айналысады. Мектепте де жиналыстарға анам баратын. Бастысы, әкемізге жаман қылығымыз байқалмаса болғаны. Әкеммен кез келген тақырыпта ашық сөйлесемін, үнемі өз кеңесін береді. Әрдайым "Білімді адам жерде қалмайды, білім ал, оқы", "Адам өмірге келгеннен кейін адам болып қалуы керек", "Армансыз адам құспен тең, адамда арман болуы қажет" деп отырады.

Олжас Еспанов: Фото: Жеке мұрағаттан/ NUR.KZ
Олжас Еспанов: Фото: Жеке мұрағаттан/ NUR.KZ: Original

- Өткен жылы туған жеріңіз Арыста жарылыс болды. Сол қиын-қыстау кезеңде оңтүстікке ат басын бұрғандардың бірі сіз едіңіз. Осы тұста халыққа қол ұшын беру жайлы бастаманы кім көтерді?

Біздің туған-туыстарымыздың барлығы Арыста. Таңертең ұйқыдан тұрсам, анам жылап отыр. Әлеуметтік желіге кіріп, мән-жайды білдім. Туыстарымызға хабарласа бастадым. Бірі Сарыағашқа, бірі Шымкентке, Түркістанға кетіпті. Халық көшеде жүрген балаларды алып, жан-жаққа қашыпты. Содан өнер иелері мен танымал кәсіпкерлер көмектесе бастады.

Сол уақытта "Неге жастар бармайды?" деген ой пайда болды. Үш-төрт күннен кейін әлеуметтік желіде ақша жинауды қолға алдым. Үш күннен соң досыммен бірге Арысқа аттандық.

Көлікте отырып, халықтан жиналған қаржыларды реттедік. Алғашында үйлерді аралап, қолымыздан келгенше көмектестік. Азық-түліктер де үлестірдік. Оның барлығын видеоға түсіріп, халыққа есеп бердім.

Фото: Instagram/ espanov_olzhas
Фото: Instagram/ espanov_olzhas: Getty Images

- Қайырымдылық жасау жайлы ой содан кейін пайда болды ма, әлде...

Оған дейін де кішігірім көмектесіп жүрдім. Көмек сұрап жазатындар көп. Соның ішінде назарыма контейнерде тұратын жанұя ілікті. Содан бірден қолға алып, халықпен бірге қаражат жинайық деп шештік.

Көпшіліктен жиылған ақшаның санын Нұр-Сұлтан қаласында тұратын Дамирбек Идрис есімді азамат толықтырды. Үйге азық-түлік апарып, қолма-қол ақша ұстаттық.

Одан бөлек, тағы екі жанұяға ақша үлестірдік. Үш-төрт күннен кейін халыққа есеп беру үшін желіге видео жүктедім.

Кейіннен бейнероликті қаржылай көмектескен Жас кәсіпкерлер Халықаралық бизнес қауымдастығының вице-президенті Дамирбек Идрис көріп, сол жанұяның жағдайын білу үшін арнайы Алматыға ат басын бұрды.

Дамирбекпен бірге биыл бесінші жыл контейнерде тұрып жатқан жанұяға қайта бардық. Жағдайдың анық-қанығын білген соң ол аталған мәселені шешу үшін ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Смирнова Ирина Владимировнамен келді.

Қарасай ауданы әкімдігіне барып, жиналыс өткіздік. Көп мәселелер талқыланған соң әкімдіктегілермен бірге контейнерге, балалар оқитын мектепке бардық. Жанұядағы екі балаға мектеп формасы мен тегін ыстық тамақ берілетін болды. Баспана мәселесі де шешілуге жақын.

Фото: Жеке мұрағаттан/ NUR.KZ
Фото: Жеке мұрағаттан/ NUR.KZ: Original

- Алдағы уақытта ісіңізге сәттілік тілейміз. Енді өзіңіз жайлы сөз қозғасақ... Жақын арада жеке өміріңізде жаңалықтар бола ма? Нұрлан ағамен құда атанғысы келетіндер көп пе?

Рахмет. Жақын арада жаңалық бола қоймас. Басым бос. Әкеммен құда атанайын деп ұсыныс тастайтындар әзірге жоқ.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1841537-eki-zanaga-aksa-lestirdik-nrlan-espanovty-ly-asyk-shbat-berdi/

pixel