RU

Әкімдік: Нұр-Сұлтанда блок-бекеттерді заңсыз өтпек болғандар қатаң жазаланады

Нұр-Сұлтан қаласының маңындағы облыстар мен елді мекен тұрғындарына елордаға заңсыз кіру оқиғалары қатаң түрде жазаланатынын ескертті. Еліміздің бас қаласының әкімдігі карантин кезіндегі талаптарды күшейтіп тастады деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Фото: Нұр-Сұлтан әкімдігі мен NUR.KZ. Коллаж: KAZ.NUR.KZ
Фото: Нұр-Сұлтан әкімдігі мен NUR.KZ. Коллаж: KAZ.NUR.KZ: Depositphotos

Елорда әкімдігі азаматтарды өз жолаушыларын Нұр-Сұлтан қаласына еш кедергісіз алып кіруді ұсынатын такси жүргізушілеріне сенім білдірмеуге шақырды.

Белгілі болғандай, 22 наурыздан бастап, елордаға жолаушылар тасымалының барлық түріне тыйым салынған. Оған қоса, жолдарға блок-бекеттер қойылып, қалаға кіру мен шығу мүмкін емес болды. Бұл шаралар Нұр-Сұлтанда жарияланған карантин режиміне байланысты іске асырылып жатыр.

Құқыққорғау органдары қалаға заңсыз кірмек болған азаматтарды қатаң жазаланатынын ескертті. Тәртіп бұзушылар ӘҚБК "Төтенше жағдайды бұзу" бабына сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.

Қалаға кіріп-шығу мүмкіндігі елордаға азық-түлік пен аса қажетті заттарды алып кіретін көліктерге ғана берілген.

Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов елордалықтарға үндеу жасап, карантин уақытысына белгіленген талаптардың күшейтілгенін хабарлады.

Көлгінов елордалық әуежайға келген азаматтардың барлығы тиісті медициналық тексерістен өтетінін мәлімдеді. Олар қала аумағына тестен өткен жағдайда ғана жіберілетінін жеткізді. Сонымен қатар, олар үй карантиніне жатуға міндетті болмақ.

Елордада дезинфекция бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Бұл қатаң талаптардың барлығы қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін қабылданып жатыр.

Әкімдіктің хабарлауынша, жаңа ережелер енгізілгелі медицина қызметкерлері елордалық әуежайда оншақты рейс қабылдап, 900-ден аса адамды коронавирус тестінен өткізді.

Айта кетейік, елімізде коронавирус жұқтырғандардың саны 60-қа жеткен болатын.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1846832-kimdik-nr-sltanda-blok-beketterdi-zasyz-tpek-bolgandar-kata-zazalanady.html