Қазақстандықтар Бейсен Құранбекті ақтық сапарға шығарып салды (фото)
Жарияланған күні:
Бүгін, 19 мамыр күні Талдықорған қаласындағы "Журналистер үйі" ғимаратында белгілі журналист Бейсен Құранбекпен қоштасу рәсімі өтті. Марқұм тележүргізушіні ақтық сапарға шығарып салу үшін оның барша жақындары, жора-жолдастары мен әріптестері жиналған деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Бейсен Құранбекпен қоштасу рәсімі өзі бірнеше жыл бойы басқарып, дамуына елеулі түрде үлес қосқан "Жетісу" телеарнасында өтті.
Жергілікті журналистердің хабарлауынша, ғимарат алдында 200-300-ге жуық адам жиналған. Марқұмның үйінде болған халықтың саны бұдан да көп.
"Журналистер үйінде" болған қоштасу рәсіміне "Жетісу" арнасының толық құрамы, тележүргізушінің жақындары, достары және көптеген жергілікті тұрғындар қатысты.
Оған қоса, Бейсен Құранбекті ақтық сапарға шығарып салу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен түрлі БАҚ өкілдері келген.
Белгілі журналистпен қоштасуға облыс әкімі Амандық Баталов та барған.
Бейсен Құранбек Талдықорған қаласының маңындағы Еркін ауылында жерленеді.
Еске сала кетейік, кеше 18 мамыр күні танымал журналист Бейсен Құранбек 49 жасына қараған шағында қайтыс болды.
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов белгілі тележүргізушінің қазасына орай, оның отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтты. Сонымен қатар, өңір басшысы Бейсен Құранбекті соңғы сапарға шығарып салу облыс деңгейінде өтетінін мәлімдеп, ол үшін арнайы комиссия құруды тапсырған.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1856400-kazakstandyktar-bejsen-kranbekti-aktyk-saparga-sygaryp-saldy-foto/