RU

"Мәселе киімде емес, санада": Асхат Садырбай даулы роликке қатысты ойын айтты

Отандық танымал журналист Асхат Садырбай қысқа юбка киіп алған қыз туралы даулы роликке қатысты өз пікірін білдірді. Ақпарат өкілі бейнежазба авторлары мен оған тапсырыс берушілерді сынға алып, ел арасында шу тудырған видеоны түсіруге жұмсалған қаржыны қандай игі бастамаларға жаратуға болатынын айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Фото: видеодан кадр/Instagram/askhatsadyrbay. Коллаж: KAZ.NUR.KZ
Фото: видеодан кадр/Instagram/askhatsadyrbay. Коллаж: KAZ.NUR.KZ: Instagram

Асхат Садырбай жеңіл жүрісті аруға қатысты бейнеролик туралы ойын Instagram парақшасында ашық түрде жеткізді. Ол мұндай форматтағы видео бүгінгі күннің жастарына мүлдем әсер етпейтінін алға тартты.

Белгілі журналист мәселені адамның киімімен байланыстыру үлкен қателік болғанын айтты.

"Жастар орталығының қаржысын сауатсыз роликтерге жұмсағанша сауапты тірліктерге бөлуге болады. Мысалы:

  • Шымкенттегі саябақтарда отыратын орындықтар өте аз;
  • Балалар ойнайтын (тегін) алаңқайлар саусақпен санарлық;
  • Жастар мен жасөспірімдерге арналған (тегін) спорт алаңқайлары, турниктер т.б.;
  • Коворкинг орталықтар;
  • Оқымысты жастарға арналған клубтар мен білімді жастар бас қосатын жерлер;
  • Тіпті артылып бара жатса аудан, ауылдарға жастарға арналған орталықтар ашуға үлес қосыңдаршы.
Мен тізіп шыққан мәселелердің барлығы қалалық жастар орталығына қарасты болмауы мүмкін. Алайда бұның бәріне қаражат акиматтан бөлінеді. Сосын, қазіргі көзі ашық жастарға бұл ролик өтпейді. Видеоның авторлары мен тапсырыс берушілер көптеген мектеп оқушыларының ішімдік ішетін барларда таңға дейін қыдыратынын, пәктік туралы проблемаға қатты алаңдамайтынын білетін шығар деген үміттемін.
Білмейді емес біледі. Мұндай көзбояушылық пен цирк кімге керек? Проблемаға тікке қарау керек. Жастардың баратын жерлері жоқ. Айналып кеп сол барлар мен кальянханаларда отырады. Қысқа кигеннің бәрі жезөкше емес, ұзын кигеннің бәрі тақуа емес. Мәселе киімде емес санада" , - деп жазды ол.

Айта кетейік, бұған дейін желіде қызу талқыға түскен видеоға ақпарат министрі Аида Балаева да пікір білдірген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1859290-msele-kiimde-emes-sanada-ashat-sadyrbaj-dauly-videorolikke-katysty-ojyn-ajtty.html