Қайрат Құдайбергеннің қауіпті дертке шалдыққаны расталды (видео)
Жарияланған күні:
Отандық танымал кәсіпкер Қайрат Құдайбергеннен коронавирус инфекциясы анықталды. Бүгін оның тапсырған ПТР тестінің нәтижесі шығып, бизнесменнің COVID-19 жұқтырғаны ресми түрде расталды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қайрат Құдайберген ПТР тесті оң нәтиже көрсеткенін өзі Instagram парақшасында мәлімдеді. Кәсіпкер кезекті видео жариялап, өзіне қолдау көрсеткен барша отандастарына алғысын білдіріп, оларды барынша сақтануға шақырды.
"Достар бәріне сәлем, түнімен дене қызуымды түсіруге тырыстым. Барлығын өзіме жасауға тура келеді. Себебі, мен жақындарымның ауырып қалғанын қаламаймын. ПТР тестім келді. Өкінішке орай, менен коронавирус табылды. Маған компьютерлік томография жасап, өкпенің пневмофиброзды анықтады. Бұл видеоларымды не үшін түсіріп жүрмін? Адамдар бұл індеттің ойыншық емес екенін, коронавирус шын мәнінде бар екенін көрсету үшін бөлісіп жатырмын.
Маған қолдау білдіріп жатқан әрбіріңізге рахмет айтамын. Парақшама келіп түсіп жатқан жылы лебізді хабарламалардың шегі жоқ. Маған жазған адамдардың 99%-ы тез сауығып кетуімді тілесе, қалған бір пайызын санасы төмендер құрайды. Олар маған ақша төленгенін және мен мына жерде қойылым ойнап отырғанымды жазуда. Сіздерге де денсаулық тілеймін. Құдай сақтасын, ауырмаңыздар. Мұндайды жауыңа да тілемейді екенсің.
Қазір мені ауруханаға алып кетеді. Жақындарыңызды ойлаңыздар. Өз-өздеріңізге қараңыздар. Сақтаныңыздар. Арақашықтықты сақтап жүріңіздер. Дәрігерлердің барлығы айтқан талаптарына құлақ асыңыздаршы. Немқұрайлы қарауға болмайды. Аман болыңыздар достар. Еліміз аман болсын, жақсы күндерде кездескенше" , - деді ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қайрат Құдайберген өзінің ауырып жатқан видеосымен бөлісіп, елді алаңдатып қойған болатын. Әрең тыныс алып ентігіп сөйлеген кәсіпкер үш күн бойы дене қызуы түсей жатқанын айтқан еді. Ол ПТР тестінің нәтижесін күтіп жатқанын жеткізген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1861163-kajrat-kdajbergenni-kauipti-dertke-saldykkany-rastaldy-video/